Павлодар облысында 26 жастағы ер адамға өзінің үш жасар қызын өлтірді деген айып тағылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі irbistv.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыс 2025 жылғы қыркүйекте Тереңкөл ауданында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, ер адам қыздың өзінің туған баласы емес екеніне сенімді болған.
26 жастағы ауыл тұрғыны мен оның жұбайы екі бала тәрбиелеп отырған: үш жасар қыз және 2025 жылғы мамырда дүниеге келген ұл. Тергеу мәліметінше, ер адам кенет әйелі қызды басқа ер адамнан туған деп шешкен.
Сотта прокурор әкенің баланы түні бойы шарфпен төсекке байлап қойғанын, ұрып-соққанын мәлімдеді. Мұның бәрі қаңтардан қыркүйекке дейін, қайғылы жағдайға дейін жалғасқан.
Айыпталушы көршісінің моншасында ішімдік ішіп, кешкі сағат 10-ға таман қызын үйінен алып кетуге барған. Сол жерде ол қызды бірнеше рет ұрып, кейін онымен бірге көршілеріне қайта оралып, баланы бетон еденге күшпен итеріп жіберген.
"Сағат 22:00 шамасында ол қызымен бірге моншаға кіріп, шешінетін бөлмеде болған. Мас болған әкесі баланың мазасыз қимылына ашуланып, сондай-ақ жұбайымен жанжалдан кейінгі ашуға булығып, баладан кек алмақ болып, өз қызын денесінен ұстап, жоғары көтерген де, моншаның бетон еденіне лақтырған", - деп айыптау актісін Павлодар облысы прокурорының көмекшісі Елена Корнева оқып берді.
Ер адам қызын аудандық ауруханаға апарған, алайда алған жарақатынан қыз бала көз жұмды.
Оның бауыры езіліп, ішкі мүшелеріне қан кеткен. Қазір ер адамға екі қылмыс құрамы бойынша айып тағылып отыр: "Қинау" және "Адам өлтіру". Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Ол өз кінәсін мойындамайды.