Өлтірілген 11 жастағы Өркен Азаматұлының өгей шешесіне cотта жаңа айып тағылды

10 Мамыр 2017, 15:30
0
Өлтірілген 11 жастағы Өркен Азаматұлының өгей шешесіне cотта жаңа айып тағылды - © Tengrinews.kz
© Tengrinews.kz

Өгей баласын өлтірді деген күдікке ілінген алматылық әйелге тағы бір айып тағылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Әйелге ҚР Қылмыстық кодексінің 132-бабы бойынша ("Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту") тағы бір айып тағылды. 

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 11 жастағы Өркен Азаматұлының өліміне қатысты басты сот отырысы басталды. Сот судья Берікжан Байжүнісовтің төрағалығымен өтті.

Сот алдында қайтыс болған баланың өгей шешесі Шәрипа Ақбердиева, оның балалары Темір мен Айдана Ақбердиевтер, Темірдің өгей ағасы - кәмелетке толмаған Қадыржан Гулямов, сондай-ақ, такси жүргізушісі Руслан Муталиев келді. Олар 11 жастағы Өркен Азаматұлын өлтірді деген күдікке ілініп отыр.

Шәрипа Ақбердиева мен оның ұлы Темір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 3,7,14 тармақтары бойынша  ("Адам өлтiру"), 125-баптың 2-бөлігі, 1,5-тармақтары бойынша ("Адамды ұрлау" адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, көрiнеу кәмелетке толмаған адамға қатысты) және ҚР Қылмыстық кодексінің 132-бабы бойынша ("Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту") айыпталып отыр.

Кәмелет жасына толмаған Гуляловқа ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі, 3, 7, 14-тармақтары бойынша ("Адам өлтiру", кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан; адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;), ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының 2-бөлігі 1,5-тармақтары бойынша ("Адамды ұрлау") айып тағылды.

Айдана Ақбердиева мен Руслан Муталиев осы қылмысты жасауға көмектескендері үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі, 3,7,14-тармақтары бойынша ("Адам өлтiру", адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; көрінеу кәмелетке толмаған адамды;), ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының 2-бөлігі, 1,5-тармақтары бойынша ("Адамды ұрлау") айып тағылды.

Сот отырысы Қаскелеңде Алматы облыстық Қарасай аудандық соттың ғимаратында өтіп жатыр. Сот отырысына өлірілген баланың туыстары мен оның әжесі қатысты.

Еске сала кетейік, осыған дейін прокуратура өкілдері баланы өлтіруге не себеп болғанын айтқан еді. "Баланы өлтіруді ұйымдастыруға себеп - Шәрипа Ақбердиеваның енесі Есібекованы жақтырмауы", - деген еді прокуратура өкілдері. 

Айта кетейік, 24 қаңтарда баланың өгей шешесі және тағы да төрт күдікті екі айға қамауға алынған болатын.

Сондай-ақ, осыған дейін полицейлер баланың өліміне қатысты жаңа деректерді жариялаған еді. Сол мәліметтер бойынша, Өркен Азаматұлының өгей шешесі мен оның төрт сыбайласының осы қылмысқа қатысы бар. Күдіктілердің арасында әйелдің қызы мен баласы бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, ол баланың әкесінен кек алу үшін осындай қылмысқа барған. Әйел қылмыс жасамай тұрып, Шымкенттен бірінші некедегі 1995 жылғы ұлын шақыртқан. Содан ол досымен бірге сонда келіп, әйел оларға баланы ұрлау үшін 100 мың теңге ұсынады. Кейінірек әйелдің 1997 жылғы қызы, ұлы және оның досы баланы аңдып, 19 қаңтарда ұрлап кетеді.

Сонымен қатар, ІІД ресми өкілі баланың өгей шешесі мен оның досының Шымкентке кетпекші болғанын айтты. Алайда олар ұсталды, себебі баланың әжесі арыз жазған. Айта кетейік, 11 жастағы Өркен осы уақытқа дейін әжесімен бірге тұрған екен. Әжесінің айтуынша, Өркен жауапкершілігі бар бала болатын және ол ешқашан кешікпейтін.

Ал кейінірек өлтірілген Өркен Азаматұлының анасы мәлімдеме жасаған болатын.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай