Петропавлдық тұрғын жүзімнің 10-нан астам түрін өсіреді

26 Мамыр, 17:03
0
© pixabay.com
© pixabay.com

Петропавл қаласының тұрғыны Владимир Должников саяжайында жүзімнің ғана 10-нан астам түрін өсіріп, жеміс алып отыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстікқазақстандықтар көкөніс-жемісті сатып алғаннан гөрі, өздері өсіргенді жөн санайды. Облыста қажетті өнімнің 40 пайызы саяжайларда өсіріледі. Тұрғындар тіпті, жылу сүйгіш жеміс - жүзімді де көптеп егетін болған. Владимир Должниковтың саяжайында бұл өсімдіктің ғана 10 шақты түрі бар.

Қызыл, жасыл, ақшыл, қара, кәріптас түстес, күлгін - жүзімнің түсі ғана емес, дәмі де сан алуан болады, дейді тәжірибелі бағбан. Мәселен, "Алматы-9" сұрыпы өте тәтті болса, "Велес" атты жүзім жұпар шырынды келеді  екен. Оның саяжайындағы жүзімдердің барлығы қоңыржай жылы ауа райына бейімделген, ерте пісетін сорттар. "Гагаринский" деп аталғаны 118-122 күннің ішінде пісіп жетіледі.

"Менде жүзімнің 15 түрі болды. Алайда ауа-райына байланысты олардың кейбірінен бас тартуға тура келді. Өйткені жетіліп үлгермейді. Жақсы жеміс алу үшін жаз ыстық болу керек. Соңғы екі жыл бойы қыста қар аз, аяз болды. Ал жүзімнің тамыры әлсіз келеді, сол себепті үсіп кетті. Былтыр учаскеге су кіріп, өсімдіктер бір ай су астында тұрды. Бұл да жемістің пісіп үлгермеуіне әсер етті", - дейді Владимир Должников.

Владимир Должниковтың жүзім өсірумен айналысқанына отыз жылға жуық. Бұрынғы ұшқыш, енді білікті бағбанға айналған. Арнайы білімі болмаса да, жылу сүйгіш өсімдіктің бабын тауып отыр. Айтуынша, бір түптен 30 келіге дейін өнім алған кездері болыпты. Бірақ, жемісті қысқа сақтауға келмейді. Сондықтан, ол көрші-қолаңға, туыстарға таратылады. Артылғаны үй шарабын әзірлеуге кетеді екен.

Саяжайдағы 5 сотық жерден Қиыр Шығыс, Орал, Алтай, Владивосток пен Зауралье өлкесінің жұрнағын көресің. Саяжайда Германия мен Жапонияда өсетін өсімдіктер де бар.

"Елдің оңтүстігінен әкелінетін жүзімдер химиялық дәрілеуден өтеді. Өйткені, ол жақта жеміс түрлі ауруға шалдыққыш. Мысалы, краснодарлық бағбан Курдюмовтың айтқаны бар, жүзім піскенше дейін 9 рет дәріленеді екен. Ал, дәрі міндетті түрде жеміске тиеді. Ал, бізде бұл өсімдік ауырмайды. Химия қолданылмағандықтан ол - экологиялық таза өнім", - дейді бағбан.

Солтүстікқазақстандық саяжайшылардың көпшілігі осындай пікірде. "Таза өнім жегің келсе - өзің өсір", - дейді олар. Әрі - арзан. Қазір облыста 24 мың саяжай учаскесі бар. Бұл жерлердің 40 пайызы картоп, шамамен 30 пайызы көкөніс егілсе, қалғанында жеміс-жидек өсіп жатыр.  

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай