04 шілде 2015 18:17

Путин Назарбаевқа сарқылмас қуат және Қазақстан халқының игілігі үшін жаңа биіктерге жетуін тіледі

ПОДЕЛИТЬСЯ

РИА Новости РИА Новости

Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдерінің президенттерінен құттықтау алып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев 75 жасқа толады.


Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдерінің президенттерінен құттықтау алып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев 75 жасқа толады.

Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда ғана емес, сыртқы әлемде де зор құрмет пен беделге ие екені атап өтілген.

"Сіз президенттік лауазымда жұмыс істеген жылдары елдегі татулық пен келісімді қамтамасыз етіп, заманауи демократиялық мемлекет құра алдыңыз. Сіздің басшылығыңызбен республика әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық прогресс жолымен сенімді жүріп келеді, өзекті халықаралық мәселелерді шешуге белсене қатысады", - делінген құттықтауда.

Путин екі елдің арасындағы одақтастық қарым-қатынастарды және стратегиялық серіктестікті дамытуға Қазақстан Президентінің қосқан жеке үлесі баршаға мәлім екенін атап айтты.   

"Сіз үшін мерейтой жылында Еуразиялық экономикалық одақ туралы идеяңыздың іс жүзіне асқанына шынайы қуаныштымын.  Осынау ауқымды жобаны одан әрі жүзеге асыру көпжақты ынтымақтастықты, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тату көршілестікті және өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. Біздің достық, сындарлы қатынастарымызды жоғары бағалаймын және Сізбен бірлескен жұмыс жалғасады деп үміттенемін", - деп атап өтті Ресей Президенті. Соңында Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт, сарқылмас қуат және Қазақстан халқының игілігі үшін жаңа биіктерге жетуін тіледі.

Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтің құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Қазақстан Республикасының тарихымен тікелей байланысты екені атап өтілген.

"Сіз нағыз патриот және көрнекті мемлекет қайраткері ретінде бар күшіңізді Отаныңызға қызмет етуге жұмсап келесіз. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының Сіздің басшылығыңызбен әзірленген жаңа ауқымды жоспары табысты жүзеге асатынына сенімдімін. Ресей-Қазақстан одақтастығы мен стратегиялық серіктестігін қалыптастыру мен нығайтудағы Сіздің жеке үлесіңізді бағаламау қиын. Еуразиялық экономикалық одақты құрудағы Сіздің рөліңізді айрықша атап өткім келеді. «Бестік» елдері үкімет басшыларының таяуда Қазақстанда өткен кездесуі, Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылуы ықпалдастық іс-қимылдарды жаңа деңгейге көтерді", - делінген хатта. Медведев Қазақстан Президентімен ашық әрі сындарлы сипатта өтетін кездесулерді жылы лебізбен еске алатынын айтты.

"Сіздің саяси кемелдігіңіз бен көрегендігіңіз ең күрделі мәселелердің оңтайлы шешімін табуға мүмкіндік береді. Сізбен арадағы жемісті қарым-қатынасты шын ниетіммен қуана жалғастырамын", - деп жазды ол.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы мықты денсаулық, бақыт және жауапты мемлекеттік қызметіне әрі қарай да табыс тіледі.   

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети