Рысқалиев құрған қылмыстық топқа қатысты іс бойынша айыпкерлердің бірі ауруханаға түсті деп хабарлайды Tengrinews.kz Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметі негізінде.
"2014 жылдың 3 ақпанында Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бюджет қаражатын жымқырып, қызметтік уәкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін айыпталған әкімдіктің бірқатар лауазымды тұлғасына қатысты қылмыстық істі қарау 5 ақпанға ауыстырылды", - делінген хабарламада.
Сот төрайымы Гүлмира Дәулетованың айтуынша, отырысты кейінге қалдыруға айыпкерлердің бірі - "Снабойлстрой" ЖШС-нің бұрынғы бас есепшісі Кенжегүл Сисенованың ауруханаға түсуі себеп болған. "Тергеу органдары оған аса ауыр қылмыс жасады деген айып таққандықтан бұл іс оның қатысуынсыз қаралмайды", - дейді соттың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Рысқалиевтің қылмыстық тобына қатысты іс бойынша 22 айыпкер сотта жауап беріп жатыр. Оларға алты бап бойынша айып тағылған.