1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

"Сақтанғанды құдай сақтайды". Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Видеоүндеу телеарналардың эфирінен таратылды.

"Сақтанғанды Құдай сақтайды. Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең.Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін", - деді Президент үндеуінде.

Сондай-ақ, Тоқаев дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет екенін ескертті.

"Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады. Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бұған қажетті қорымыз қалыптасты. Қаражат бар. Осы орайда, азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді", - деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қазақстандықтарды коронавирустың алдын алу шараларын мұқият орындауға шақырды.

"Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет. Береке мен бірлік бәрін де жеңеді!", - деді ол үндеуінде.

Мұның алдында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың телевизия арқылы үндеу жасайтынын мәлімдеген еді.

"(...) Мемлекет басшысы ертең, яғни, 16 наурыз күні телевизия арқылы үндеу жасайды", - деп жазған еді ол.

Қазақстанда төтенше жағдай: комиссия құрамына кімдер кірді?

Еске салайық, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусты пандемия деп жариялаған болатын.

Ал кеше, 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай жариялады.


 "Абайға бет бұру..."