Заңгер Жангелді Сүлейменов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілінген Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановқа қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Заңгер Жангелді Сүлейменов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілінген Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановқа қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сүлейменовтің айтуынша, оқиғаның бірнеше сценарийі болуы мүмкін.
"Қазір Елжан Біртанов ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі ("Өзіне сеніп тапсырылған біреудің аса ірі көлемдегі мүлкін иемдену немесе ысырап ету") бойынша күдікке ілінді. Бірақ заңда алғашқы квалификация деген ұғым бар. Яғни қазір қылмыстық тергеу органдары оған осы бап бойынша айып тақты, бірақ тергеу барысында басқа бапқа алмастыруы немесе осы бапқа тағы басқасы қосылуы мүмкін.
Егер бұл бап сотқа дейін өзгермесе, онда Біртановтың қылмыс жасаған кездегі алған мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін. Тағы мемлекеттік қызметке отыруға тыйым салынады", - деді Сүлейменов.
Заңгер басқа да нұсқаны атады.
"Күдікті қылмыс жасаған болса, сыбайластары да болуы мүмкін деп ойлаймын. Егер ол расталса, онда 262-баптың 2-бөлігіне сәйкес ("Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу") бабы бойынша жаза тағайындалады. Ол - 8 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.
Тағы тергеу барысында түрлі эпизод болуы мүмкін және күдіктінің соларға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Мысалға егер ол ақшаны жұмсауға тікелей қатыспаса да, сыбайластары пара бердік деуі мүмкін. Ал бұл ҚК 366-бабына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және параның сегіз есе мөлшерінде айыппұл төлеу.
Ал егер жұмсау және ұйымдасқан топ, пара алу да дәлелденсе, онда сот жазаларды біріктіре отырып, 20 жылдан аспайтын жаза кесуі мүмкін", - деді сарапшы.
Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановқа қатысты тергеу жүріп жатыр.
Бұған дейін Желіде экс-министр Біртанов ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Ақпарат Telegram-дағы бірнеше арнада анықтамалық құжат түрінде жарияланған болатын. Кейінірек бірқатар БАҚ ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ұсталғанын мәлімдеді.
Елжан Біртанов биыл 25 қаңтардан 25 маусымға дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болды. Ол қызметінен кетер алдында коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. Сол кезде Біртанов ауруы пневмонияға асқынғандықтан, оған қосымша емделу қажет екенін хабарлаған еді. Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшысы - Алексей Цой.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!