Астанада ақылы коммуналдық тұрақтардың жаңа жүйесі енгізіледі: қала құны әртүрлі үш тарифтік аймаққа бөлінеді. Бұл жүйе қалай жұмыс істейтінін, кімдер төлеуге міндетті, ал кімдер босатылатынын және төлем барысы қалай бақыланатынын Tengri Auto тілшілері анықтап көрді.
Мәслихат жол жүрісін ұйымдастыру қағидаларын бекітті, олар 12 шілдеден бастап күшіне енеді деп жоспарланған.
Үш аймақ - үш тариф
Құжатқа сәйкес, тұрақ құны қаланың нақты бөлігіндегі сұраныс деңгейіне байланысты болады:
- 1-аймақ (ең жоғары сұраныс) - сағатына 200 теңге.
- 2-аймақ (орташа сұраныс) - сағатына 150 теңге.
- 3-аймақ (төмен сұраныс) - сағатына 100 теңге.
Орталыққа неғұрлым жақын және жолға түсетін жүктеме неғұрлым жоғары болса, тұрақ құны да соғұрлым қымбат болады.
Қандай тұрақтар ақылы болады?
Ақылы коммуналдық тұрақтар екі түрге бөлінеді:
- Көшедегі - жол бойындағы, тұрақ қалталарындағы, тротуар жиегіндегі және ғимараттардың жанындағы тұрақтар.
- Жабық - ғимараттар мен арнайы құрылыстардағы паркингтер (соның ішінде көп деңгейлі тұрақтар).
Мұндай тұрақтардың барлығы жол белгілерімен, таңбалармен және ақпараттық тақтайшалармен белгіленеді.
Төлем қалай жасалады?
Көшедегі тұрақтар үшін:
- төлем әр сағат үшін алынады;
- көлікті қойғаннан кейін сол күні сағат 23:59-ға дейін төлеуге болады;
- төлеу тәсілдері тұрақ орнында және Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының сайтында көрсетіледі.
Жабық тұрақтар үшін:
- тариф жеке белгіленеді;
- тәуліктік төлем (егер тұру уақыты 8 сағаттан асса) немесе абонементтер (ай сайынғы төлем) қарастырылуы мүмкін.
Кімдер төлемнен босатылады?
Төлемнен босатылады (растаушы құжаттары болған жағдайда):
- ардагерлер және оларға теңестірілген санаттар;
- мүгедектігі бар жандар (I және II топтағы);
- мүгедектігі бар балалардың ата-аналары;
- марапаттары бар көпбалалы аналар;
- Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер;
- электромобиль иелері;
- белгі беру шамдары (маякшалары) қосулы арнайы қызметтер.
Сондай-ақ тұрғындар үшін жеңілдік қарастырылған - өтінім бойынша үйінің жанынан тегін тұрақ орнын алуға болады, бірақ:
- тек бір автокөлікке;
- бір тұрғын үй жайына.
Төлем қай уақытта қолданылады?
Жұмыс режимі (соның ішінде ақылы сағаттар) әкімдік сайтында жарияланатын жария шартта жазылады.
Кейбір аудандарда (әсіресе 3-аймақта) көлік ағынын реттеу үшін төлем тек белгілі бір сағаттарда ғана алынуы мүмкін.
Төлем барысы қалай бақыланады?
Бақылау толығымен автоматтандырылады. Арнайы автокөліктер тұрақтарды аралап, көліктерді және тұру уақытын тіркеп отырады.
Сондай-ақ стационарлық жүйелер:
- камералар мен шлагбаумдар;
- фото және бейнетіркеу;
- кіру мен шығуды автоматты есепке алу қарастырылған.
Ереже бұзушылықтарды жүйе адамның қатысуынсыз тіркейді.
Жүргізушілер үшін маңызды мәліметтер
- Тариф аймаққа байланысты - көлікті қоймас бұрын нақтылап алыңыз.
- Төлемді кешірек жасауға болады, бірақ сол күннен қалмауға тиіс.
- Тексеру тұрақты және автоматты түрде жүргізіледі.
- Жеңілдіктер тек растаушы құжаттар болғанда ғана жарамды.