Алматы тұрғыны Шымбұлақтағы гидрологиялық бекет ғимаратынан шыққан түтін мен резеңке иісіне шағымданды. "Қазгидромет" ер адамның шағымына жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Әлеуметтік желілерде гидрологиялық бекет ғимараты түсірілген видео жарияланды, кадрлардан нысан мұржасынан ақ түтін шығып жатқанын көруге болады. Видео авторы айналада резеңкенің ащы иісі сезілетінін айтады.
"Моншаны резеңкемен жағып жатыр, бүкіл Шымбұлақ сасып кетті", - деп жазды ол.
Айтуынша, ол бұл кадрларды 17 мамырда түсірген.
"Қазгидромет" жауабы
Кәсіпорынның ақпараты бойынша, кадрларда "Медеу" бөгетінен жоғары, Шымбұлаққа жақын орналасқан гидрологиялық бекет бейнеленген. Нысан су деңгейі мен шығынын, сондай-ақ өзен ағысын жыл бойы күнделікті бақылап отырады.
"Қазгидромет" өкілдері бақылаушылар бекетте тұрақты тұратынын және өзен учаскесінің жай-күйін қадағалайтынын атап өтті. Гидробекет теңіз деңгейінен 1924 метрден аса биіктікте, жетуі қиын жерде орналасқандықтан, оған газ желілері тартылмаған.
"Қыста бекет қатты отынмен жылытылады. Бақылаушы моншаны отынмен жаққан, оған ақ түтін дәлел болады. Егер резеңке пайдаланылса, түтін өзіне тән қара түсті болар еді", - деп түсіндірді Алматы мен Алматы облысы бойынша "Қазгидромет" РМК өкілдері.