Биыл көктемгі науқанда 21 мыңнан аса қазақстандық әскер қатарына шақырылады. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оның айтуынша, 21 мың шақырылушының 11 мыңнан астамы Қарулы күштерге, қалғандары басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға жіберіледі.
Сондай-ақ министрдің орынбасары енді әскерге шақыру қағаздары SMS немесе eGov арқылы жіберілетінін еске салды. Журналистер мұндай хабарламаны елемеген жағдайда қандай жаза қарастырылғанын нақтылады.
"Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар. Қазіргі уақытта мұндай жағдайлар кездеседі. Олардың санын әзірге айта алмаймын, өйткені статистика күн сайын өзгеріп отырады", - деп жауап берді Мұстабеков.
17 наурыздан бастап әкім орынбасарларының төрағалығымен қалалық және аудандық шақыру комиссиялары азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға кірісті.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, шақыру қағаздары SMS-хабарламалар және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы келу мерзіміне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі. Мұндай хабарлама ресми шақыру қағазы болып саналады және оны алған азамат әскери комиссариатқа немесе шақыру пунктіне келуге міндетті.
Дәлелді себепсіз келмеу заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Мән-жайға байланысты азаматқа әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін, ал шақырудан қасақана жалтарған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.