Талдықорған қаласында туған еліміздің 18 миллионыншы тұрғынына 3 бөлмелі пәтер беріледі

05 Шілде 2017, 08:41
1
Талдықорған қаласында туған еліміздің 18 миллионыншы тұрғынына 3 бөлмелі пәтер беріледі -

Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғынының ата-анасын алғашқылардың бірі болып құттықтады. Муслиманың ата-анасы баласының 18 миллионыншы тұрғын екенін телефон арқылы білді. Олар бұл кезде Алматы облысындағы Ақсу ауданында еңбек демалысында жүріпті.

"Муслима 11 мамырда дүниеге келген. Жеңіл босанды. Тұңғышымыз ұл. Қыздың дүниеге келуі тосынсый болды. Есімін әкесі қойды. Әкім Бағдат Қарасаевтың телефон арқылы хабарласуы біз үшін тосынсый болды", - дейді баланың шешесі Диана Омарханова.

Муслиманың әкесі Самат Бестібаев Талдықорғандағы мектептердің бірінде дене шынықтырудан сабақ береді. Өзі мұғалімдер отбасынан шыққан, әке жолын қуған екен. Диана мен Самат №16 мектептің қабырғасында бірге жұмыс істеп жүрген кезінде танысыпты.

"Үйге келе жатқанда уайымнан алаңдап отырдық. Шілдеде елдің 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келетіні жайлы білдік, бірақ біздің Муслима болатыны күтпеген жағдай болды", - дейді бақытты әке.

Айта кетейік, Диана мен Саматтың тұңғышы екі жарым жаста. Сұлтан шешесіне үй шаруашылығында көмектесіп, қарындасына қарасып жүр екен. 

Муслиманың атасы Еркінбек Бестібаев пен әжесі Бибітай Жасыбаева кішкентай нәрестеге, жас отбасына, жалпы өз әулеттеріне көрсетілген үлкен құрмет пен сый үшін Президентке, облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

"Муслима - біздің жетінші немереміз. Біз ұл-қыздарымыз бен немерелерімізді елге қызмет ететін, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті азамат етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз", - деді Бибітай апа.

Елбасының атынан нәрестеге арналған құрал-жабдықтар, атап айтқанда бесік, төсек, коляска, ойыншықтар секілді қажеттіліктерді сыйға тартқан облыс әкімі Амандық Баталов "Еліміздің он сегіз миллионыншы тұрғынының Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында дүниеге келгені - бәріміз үшін ерекше қуанышты оқиға. Демографиялық өсімінің жылдан жылға ұлғайып келе жатқаныхалықтың Елбасымыздың салиқалы саясатына, Қазақстанның болашағына деген сенімінің зор екенін білдіреді. Жас ұрпақтың алаңсыз өсіп, білім алуына елімізде барлық жағдай жасалып келеді. Елбасының атынан, Жетісу жұртшылығының атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Кішкентай нәресте аман-сау өсіп, ер жетіп, елдің абыройлы азаматы болсын!", - дей келе, қалада күзге таяу пайдалануға берілетін жаңа тұрғын үйден жас отбасына 3 бөлмелі пәтер берілетінін жеткізді.

Еске салайық, кеше ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Талдықорғанда туған Муслима Саматқызы Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны болғанын айтқан еді.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың 11 мамырында Қазақстан Республикасы халқының саны 18 млн.-ға жетіп, есеп бойынша Талдықорған қаласында туған Муслима Саматқызы 18 миллионыншы тұрғын атанған.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай