“Түбегейлі өзгеріс болмайды“ – ОПЕК-тегі жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Түбегейлі өзгеріс болмайды“ – ОПЕК-тегі жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді? Фото:depositphotos.com

Қазақстан билігі БАӘ-нің Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) және ОПЕК+ альянсынан шығуы, сондай-ақ мұнай нарығында болуы мүмкін баға соғысы аясында экономика үшін айтарлықтай өзгеріс болады деп күтпейді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстан билігі БАӘ-нің Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) және ОПЕК+ альянсынан шығуы, сондай-ақ мұнай нарығында болуы мүмкін баға соғысы аясында экономика үшін айтарлықтай өзгеріс болады деп күтпейді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Журналистер премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен Қазақстан үшін туындауы мүмкін тәуекелдер туралы сұрады. Шенеунік халықаралық сарапшылардың әзірге өз болжамдарында сақтық танытып отырғанын және мұнай нарығында ауқымды баға соғысы басталды деп айтуға асықпайтынын атап өтті.

"Кейбіреулер бұны ОПЕК дәуірінің соңы деп жатыр. Шын мәнінде, халықаралық сарапшылардың бағалауы мен болжамдары әзірге өте сақ - бұл баға соғысына әкеле ме және оның болуы қаншалықты мүмкін деген мәселеге қатысты", - деді ол.

Жұманғариннің айтуынша, БАӘ өндірісті мәлімделген көлемге дейін арттырған күннің өзінде (тәулігіне 5 миллион баррель - ред. еск.), нарықта әлі де ірі ойыншылар мен жеткізудің балама көздері сақталып отыр.

"Сауд Арабиясының өндіру көлемі әлдеқайда көп. Қазіргі Америка Құрама Штаттары өндіріп жатқан көлемнен де көп. Венесуэла ашылып жатыр, яғни нарықта балама көздер бар", - деді ол.

Анықтама: ОПЕК - бұл мұнай саясатын үйлестіру және әлемдік нарыққа ықпал ету үшін құрылған мұнай өндіруші елдердің бірлестігі. Ұйымға Сауд Арабиясы, Ирак, БАӘ (таяу уақытқа дейін) және басқа да ірі мұнай экспорттаушылар кіреді. ОПЕК+ - бұл ОПЕК елдерінен бөлек Ресей мен Қазақстанды қоса алғанда, басқа да мұнай өндіруші мемлекеттер кіретін кеңейтілген одақ. Бұл бірлестіктердің негізгі құралы - мұнай өндіру көлемін реттеу. Егер елдер өндірісті қысқартса, нарықта мұнай азайып, баға әдетте өседі. Ал өндіріс көлемі артса, ұсыныс көбейіп, мұнай құны төмендеуі мүмкін. ОПЕК және ОПЕК+ шешімдерін әлемдік нарықтар жіті қадағалайды, себебі олар бензин бағасына, инфляцияға, мұнай өндіруші елдердің бюджетіне және бүкіл әлемдегі энергия ресурстарының құнына тікелей әсер етеді. Нарыққа ең ірі экспорттаушылардың бірі ретінде Сауд Арабиясының ұстанымы ерекше ықпал етеді.

Қазақстанда бірнеше сценарий дайындалды

Жұманғарин үкімет экономиканың дамуына қатысты әдетте оптимистіктен, пессимистікке дейін бірнеше сценарий дайындайтынын атап өтті.

"Биыл пессимистік болжам барреліне 50 доллар бағасы негізінде есептелді", - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, билік әр кезеңде мұнай нарығындағы жағдай нашарласа қандай бюджеттік шығыстардың түзетілуі мүмкін екенін алдын ала айқындап отырады. Сонымен қатар үкімет 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттік процесті дайындауға кірісіп кеткен.

"Біз елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын бастадық және мұнай бағасы мен басқа да параметрлер бойынша әртүрлі болжамы бар бірнеше макроэкономикалық сценарий жасадық", - деп толықтырды Серік Жұманғарин.

Сөз соңында шенеунік түбегейлі экономикалық өзгеріс болады деп қауіптенбеуге шақырды:

"Алаңдамасаңыздар болады. Жақын арада Қазақстанды түбегейлі өзгерістер күтіп тұр деп ойламаймыз".

Бұған дейін БАӘ 1 мамырдан бастап ОПЕК және әлемдік мұнай өндірушілердің ОПЕК+ альянсынан шығатынын мәлімдеді. Олар бұл қадамды өндіру квоталарымен келіспейтіндігімен түсіндірді. Әмірліктер сұраныс пен нарықтық конъюнктураны ескере отырып, өндірісті ұлғайтуға ниетті.

БАӘ ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығу туралы шешімін жариялағаннан кейін мұнай бағасы төмендей бастады. Мәселен, Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстерінің құны барреліне 112 долларға дейін көтерілген еді, алайда мәлімдеме жарияланғаннан кейін шамамен 110 долларға дейін түсті. WTI мұнай фьючерстері де 101,79 доллардан 98,89 долларға дейін төмендеді.

Тағы оқыңыз: ОПЕК+ ықпалынан айырылуы мүмкін: сарапшылар БАӘ-нің альянстан шығуы туралы

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 461.26   544.52   6.19 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер