Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда валюта айырбастау пункттеріндегі сатып алу және сату арасындағы жаңа шектерді енгізу туралы шешімге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстанда айырбастау пункттерінде валюта сатып алу және сату арасындағы шек енгізу жоспарланған. Бұл бәсекелестікті шектеу болмай ма, керісінше, экономиканың долларлануына әкелмей ме?" – деп сұрады журналистер Сүлейменовтен Ұлттық банктегі брифинг барысында.
Сұраққа жауап бере отырып, Ұлттық банк төрағасы "соңғы шешім әлі қабылданбағанын" айтты. Қазіргі уақытта тиісті қаулы қоғамдық талқылауда екенін жеткізді.
"Сіздер білесіздер, бізде нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау процесі айтарлықтай күрделі. Бұл ашықтықты қамтамасыз ету және кері байланыс алу мүмкіндігі үшін жасалған. Иә, осындай лимит енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл норма 2023 жылға дейін қолданыста болды, бірақ 2023 жылы курс тұрақтанған кезде Ұлттық банк бұл норманы ұзартпау туралы шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, жаһандық валюта нарықтарындағы құбылмалылық жоғары болып қалып отырғанын, ал еліміздегі валюта нарығында айтарлықтай тұрақсыздық сақталып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл спредті белгілеу қажет деген қорытындыға келдік", – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл шешім бәсекелестікті шектемейді, өйткені бұл барлық айырбастау пункттеріне бірдей қолданылатын әмбебап талап.
"Елімізде шамамен 2 мың айырбастау пункті бар, олардың барлығы жаңа ережелер бойынша жұмыс істейтін болады. Егер біз әртүрлі айырбастау пункттеріне әртүрлі шарттар белгілесек, бұл бәсекелестікті шектеуге әкелуі мүмкін еді. Алайда жаңа ережелер барлығына бірдей қолданылатындықтан, бұл жерде бәсекелестікті шектеу жоқ деп санаймыз.
Қара нарыққа қатысты мәселелерге келсек, жоқ, 7 теңге деңгейінде белгіленген спред айырбастау пункттерінің өз қызметін қамтамасыз етуіне жеткілікті деп есептейміз. Бұл тәсіл шаруашылық субъектілері үшін қосымша алаңдаушылық пен тұрақсыздықтың алдын алуға көмектеседі", – деп түсіндірді Сүлейменов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!