Мобильді байланыс пен интернет сигналының нашар болуына көрші ғимараттарда орнатылған қолдан жасалған күшейткіштер – репитерлер себеп болуы мүмкін. Бұл жабдықтардың қалай жұмыс істейтіні туралы Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабенов айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Репитерлер мобильді операторлар жұмысына қалай кедергі келтіреді?
Олжас Қабеновтің мәліметінше, сертификатталмаған сигнал күшейткіштер көбіне еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде қолданылады. Негізінен бұл құрылғыларды ауыл тұрғындары пайдаланады. Бір адамның "сұр" жабдықтың көмегімен өз үйіндегі байланысты жақсартпақ болған әрекеті, айналадағылар үшін кедергілер тудыруы мүмкін.
"Сигнал әлсіз болған кезде оны күшейту үшін сертификатталмаған репитерлер қолданылатын кездер болады. Бірақ байланыс операторларының өздерінің ресми репитерлері бар, олар басқа операторларға кедергі келтірмейді", – деді комитет төрағасының орынбасары ОКҚ брифингінде.
Осы себепті сертификатталмаған репитерлерді пайдалануға тыйым салынған – олар ортақ радиожиілік диапазондарында жұмыс істейді және операторлардың базалық станциясы үшін бөтен кедергілер тудырады.
Күшейткіштерді пайдаланғаны үшін қандай жаза қарастырылған?
Қазақстанда қолдан жасалған және сертификатталмаған репитерлерді пайдаланғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637 және 638-баптары (радиоэлектрондық құралдарды пайдалану қағидаларын бұзу және радиожиілік спектрін пайдалану) бойынша жауапкершілік қарастырылған. Олардың иелеріне радиоэлектрон құралдарын тәркілеумен бірге айыппұл салынуы мүмкін.
Жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемі 5 АЕК (2026 жылы 21 625 теңге), ал бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса – 10 АЕК (2026 жылы 43 250 теңге) болады.
Бизнес үшін айыппұлдар айтарлықтай жоғары – компанияның көлеміне байланысты 60-тан 350 АЕК-ке дейін (2026 жылы 259 500-ден 1 513 750 теңгеге дейін).