Кеңестік зымырандарды шығарып, мыңдаған Петропавл тұрғынын жұмыспен қамтыған аңызға айналған зауытты осымен үшінші рет жеке меншікке өткізуге тырысып жатыр. Бай тарихы бар кәсіпорынға неліктен сатып алушы табылмай отырғанын Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Құпия алпауыт

Кеңес заманында ПАМЖЗ өңірдегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі болды: мұнда 12 мыңға жуық адам еңбек етті. Кәсіпорынның өз үйлері, балабақшалары, мектептері, жатақханалары, тіпті зауыт баспаханасында басылатын өз газеті де болды – зауыт дербес бір қалашық секілді өмір сүрді.
Зауыт Петропавлдың дамуына айтарлықтай үлес қосты. Оның қаржысына 6 мың орындық "Металлист" стадионы, Вороний аралындағы демалыс базасы, "Машиностроитель" мәдениет сарайы және басқа да әлеуметтік нысандар салынды.
Зауыт сатылымға шығарылды
КСРО ыдырағаннан кейін зауыттың тыныс-тіршілігі өзгерді. Кәсіпорын бұрынғы өндіріс көлемі мен өткізу нарықтарынан айырылып, қаржылық қиындықтарға тап болды, несиелер мен жалақы бойынша қомақты қарыз жиналып қалған.
2024 жылы ПАМЖЗ басшылығына қатысты жемқорлық дерегі бойынша қылмыстық іс тергелді. Сот зауыттың бұрынғы бас директорын аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға, ал атқарушы директорын парақорлыққа делдал болғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырды.
Қазіргі уақытта "ПАМЖЗ" АҚ "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясына тиесілі. Зауыт мұнай-газ, энергетика, теміржол және басқа да салаларға арналған жабдықтар шығарады. Осы жылдың 30 маусымында кәсіпорынды сауда-саттық арқылы сату әрекеті жасалды.

Әзірге сатып алушы табылған жоқ
Зауыттың сатылу себептері мен алдағы тағдырын білу үшін Tengrinews.kz тілшісі "Қазақстан инжиниринг" ҰК" АҚ-ға сауал жолдады.
Компания "Қазақстан инжиниринг" "ПАМЖЗ" АҚ жай акцияларының 100 пайызына иелік ететінін хабарлады. Өз кезегінде ұлттық компанияның құрылтайшысы және жалғыз акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті тұлғасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі.
"Үкіметтің 2025 жылғы 24 қазандағы "Квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік нысандарын оңтайландырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысымен "ПАМЖЗ" АҚ-ны бәсекелес ортаға беру көзделген. 2026 жылғы 12 маусымда e-qazyna.kz мемлекеттік мүлік тізілімі порталында "ПАМЖЗ" АҚ жай акцияларының 100 пайызын сату бойынша электрондық конкурс жарияланды, сауда-саттық өткізу күні 2026 жылғы 30 маусымға белгіленді. Алайда конкурсқа қатысушылардан өтінім түспеуіне байланысты ол өтпеді деп танылды", - делінген басқарма төрағасының м.а. Құлазия Чокушеваның қолы қойылған жауапта.
Ұлттық компания "ПАМЖЗ" АҚ акцияларын сату бойынша осындай электрондық конкурстарды 2022 және 2023 жылдары да жариялағанын, бірақ сатып алушылардың болмауына байланысты олар да өтпеді деп танылғанын еске салды.
"Қазақстан инжиниринг" кәсіпорынның дамуына қаржы салуға дайын инвесторлардың ұсыныстарына ашық екенін мәлімдеді.

Қиындыққа қарамастан жұмыс істеп тұр
"Қазақстан инжиниринг" ПАМЖЗ-ның қаржылық қиындықтары тек кәсіпорынның ішкі мәселелеріне ғана байланысты емес екенін түсіндірді. Зауыт көптеген өнеркәсіптік компаниялар сияқты тапсырыстардың бір бөлігінің азаюына, нарықтағы жағдайдың өзгеруіне және жабдықтарды жаңарту қажеттілігіне тап болған.
"Қазіргі қаржылық көрсеткіштер кәсіпорынның нақты өндірістік әлеуетін көрсетпейді. "ПМЗЖ" АҚ көпжылдық тарихы мен бірегей құзыреттері бар Қазақстандағы ең ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі болып қала береді. Кәсіпорынның өндірістік базасы өндірістік операциялардың кең ауқымын орындауға мүмкіндік беретін 1300-ге жуық заманауи технологиялық жабдықты, сондай-ақ азаматтық және қорғаныс өнімдерін шығаруға қажетті лицензиялардың толық пакетін қамтиды", - деп атап өтті басқарма төрағасының м.а. Құлазия Чокушева.
Қазіргі уақытта ПМЗЖ бірден бірнеше бағытта жұмыс істейді: мұнай-газ, энергетика және теміржол салаларына арналған жабдықтар шығарады, сондай-ақ қорғаныс мақсатындағы тапсырыстарды орындайды.
Фото Tengrinews.kz
Қысқартылған жұмыс аптасы, бірақ жалақы уақытылы
Ұлттық компания сонымен қатар бүгінгі таңда "ПМЗЖ" АҚ қызметкерлерінің штаттық саны 473 адамды құрайтынын хабарлады.
"Өндірістік қуаттардың қазіргі жүктемесіне байланысты кәсіпорын уақытша қысқартылған жұмыс аптасы режимінде қызмет атқарып жатыр. Бұл шара ұйымдастырушылық сипатқа ие және өндірістік жүктеме артқанға дейін кәсіпорынның кадрлық әлеуетін сақтауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді "Қазинжиниринг" өкілдері.
Ұлттық компания зауытта жалақы бойынша берешек жоқ екенін, қызметкерлерге төлемдер уақытылы жүргізілетінін атап өтті.
Қазіргі уақытта кәсіпорын жаңа тапсырыстар іздестіріп, серіктестермен ынтымақтастықты дамытуда және өзінің қаржылық жағдайын жақсарту бағытында жұмыс істеп жатыр.
"Кәсіпорынды бәсекелестік ортаға беру жұмыстары жалғастырылады. Жекешелендірудің негізгі мақсаты - кәсіпорынның одан әрі дамуын, өндірісті жаңғыртуды, өткізу нарықтарын кеңейтуді және оның ішкі, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ете алатын стратегиялық инвесторды тарту", - деп қорытындылады "Қазинжиниринг".
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында туберкулезге қарсы диспансер сатылып жатқаны хабарланған. Ол мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған, бірақ науқастардың жоқтығынан қажетсіз болып қалған.