The Spirit of Tengri - қазіргі заманғы этникалық музыка фестивалі ойдағыдай аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Фестивальден көрермендер де, өнер көрсеткен музыканттардың өзі де риза болып тарасты.
The Spirit of Tengri - қазіргі заманғы этникалық музыка фестивалі ойдағыдай аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Фестивальден көрермендер де, өнер көрсеткен музыканттардың өзі де риза болып тарасты.
Грузиндердің The Shin тобы заманауи этномузыка фестиваліне қанды қыздырып, көңілді көтеретін рок-н-ролл алып келіпті. Көрермендердің орындарынан тұрып билеуіне алғаш себеп болған осылар. Топтың мүшесі Алексей Чумбуридзенің биі бәрінің делебесін қоздырды. Ол бұл топқа кездейсоқ қосылған екен, бірде The Shin-нің өнер көрсетуі кезінде атып шығып билей жөнелген жігітті музыканттар өз қатарына алған. "Көрермендер айрықша риза болды, өзім мәз болдым, қуана биледім. Бұл фестивальдің теңдесі жоқ, ол келешекте инерция алып, ары қарай жалғасын таба берсін деп тілеймін. Көп ел мұндай шараға қатты қызығады, Қазақстанда осындай жобаның бар екеніне енді әлем таңдай қағатын болады", - дейді Чумбуридзе. Топ гитарада шебер ойнаудың үлгісін көрсетті. Көрермендер оларды сахнадан жібермей, әйгілі "Суликоны" орындатты.
Шараның жарқын нөмірлерінің бірі сахнаға эквадорлық Yarik Ecuador тобының шығуы болды. Үндістердің қауырсындармен әшекейленген ұлттық киімін киген ерекше музыканттар сампони, кена аталатын аспаптарымен назды да ырғақты, әдемі әуендерге елітті. Бұл топ өнер көрсеткен кезде сахнаның алды билеген жұртқа толды. "Бұл жақта біздің өнерімізді бұлайша құрметтейді деп ойламаппыз. Этникалық музыканы бағалайтын тамаша жұртшылыққа ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстан бізді жылы қарсы алды, мұнда бірнеше күн боламыз, қазақ елін, тауларды, табиғаты әсем жерлерді араламақпыз", - дейді топ өкілдері.
Тываның көрнекті көмей әншісі Радик Тюлюш те концертке өзіндік рең берді. Ішекті және үрмелі ұлттық аспаптарының дыбысымен көрермендерге баяу, сырлы әуендерін тарту етті.
Ал "Арғымақ" тобы қазақстандықтарға жақсы таныс. Башқұрттың талантты жігіттері биыл да ырғақты әндерімен жұртшылықтың көңілін көтерді. Бірақ орындалған шығармалардың дені көне эпостардың тағылымдарынан тұрады.
Түркиялық Baba Zula рок-музыка мен нью-эйдждің элементтері бар авторлық шығармаларын ұсынды. Халықтық сарындағы әндері гитараның ауыр дыбыстарымен астасып отырды. Топ солисі Мелике Шахиннің ерекше вокалы мен сахнадағы драмалық орындау мәнері көрермендерге қатты ұнады. "Аз уақыттың ішінде біз бар жан-тәнімізді салып ойнадық, шығармашылығымызды мейлінше көрсете алдық", - дейді топтың саз аспабында ойнайтын музыканты Мұрат Эртель.
Былтырғы фестивальде бірегей дауысымен, айрықша орындау мәнерімен есте қалған тывалық әнші Сайнхо Намчылак биыл да жұмбаққа толы композицияларымен таңдай қақтырды. Өзіне ғана тән әуендерді тағы бір паш еткен әнші мен оның нидерландылық музыканттарына көрермендер зор қошемет көрсетті.
Фестивальді моңғолдың көңілді де рухты әндерін орындаумен танымал болған бурятиялық "Намгар" тобы қорытындылады. Намгар Лхарасанованың жарқын вокалын ятага, электр гитара және скрипка үні сүйемелдеді. Фестивальдің соңы осылайша би жанрына ұласты десе болады.
Бұған дейін осы кеште электр жетіген аспабының таныстырылғанын хабарлаған едік. "Роксонаки", Алдаспан", "Шарапат" топтарынан кейін қырғызстандық Gulzada, Таулы Шориядан келген Чылтыс, алтайлық Болот Байрышев пен "Белуха Jam" тобы өнер көрсетті.
"Фестивальге қатысушылардың бәрі әлемнің әр түкпірінен, бір-бірінен алыс. Бірақ біз олардың мәдениетіне, тасқа салынған көне таңбаларына үңілген кезде ұқсастықтар табылды. Ықылым дәуірлерде тасқа салынған таңбаларынан бүгінгі орындаушылық өнерлеріне дейін тамаша ұқсастықтар бар екен. Біз, ұйымдастырушылар үшін әртүрлі ұлттардың өкілдерінен құралған тамаша музыканттардың қазақ жерінде адамзаттың бәріне ортақ әуендерді жарасыммен орындауы қуантады. Алматыда осындай керемет дәстүрдің дүниеге келгені – шынымен де, қуанарлық жайт. Көпшілікті "фестиваль жалғаса ма?" деген сұрақ мазалайды. Былтыр бізді Global құрылыс компаниясы қолдаса, биыл бас әріптесіміз Kaspi Bank болды. Фестивальдің әлеуеті жоғары, көрермендер оны жақсы көреді, егер қолдаушылары табылса, бұл жобаның келешегі жарқын деп есептеймін", - дейді "Алаш Медиа Групп" холдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев.
Еске сала кетейік, биыл фестиваль қала әкімдігінің қолдауымен "Алматы - ТМД-ның мәдени астанасы" жылы аясында өтті. Жобаның бас әріптесі - Kaspi Bank.