Ақтөбенің басты су қоймасы тартылып барады, ал бұрын аса құнды болған уылдырық шашу орындары жойылып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жергілікті экобелсенділердің айтуынша, су айдынының үштен бірі құрғап қалған. Бірақ мәселе тек бұл ғана емес. Суы тартылып қалған жерлерде құм өндіру белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жергілікті қорықшылардың айтуынша, бұл балықтардың негізгі уылдырық шашу орындарының жойылуына алып келген.
"Ақтөбе су қоймасының жағалаулары тек табиғи факторлармен ғана емес, адам әрекетімен де бұзылып жатыр. Онда балласт (құм) өндіріледі. Бұрын бұл жерде уылдырық шашатын орындар болған. Қазір ештеңе қалмады деуге болады. Барлық жерде құм өндіретін карьерлер қазылып тасталған, құнарлы топырақ қабаты мен өсімдіктер толықтай жойылған. Балық қорына залал келтірілді", – дейді Ақтөбе Аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы Алексей Гогель.
Алайда қорықшылардың пікірінше, бұл кәсіпкерлердің су қорғау аймағындағы белсенді шаруашылық қызметінің жалғыз теріс салдары емес. Олар жер қойнауын игеру су айдынының тартылуына алып келеді деп есептейді.
"Буға айналу аумағы ұлғайып барады. Экскаватор жұмыс істеген кезде жер асты суларын өзендер мен көлдерге жеткізетін су өткізбейтін қабат бұзылады. Су кетіп жатыр, су қоймасы тартылып барады. Толықтай құрғап қалуы қаупі бар", – деп мәлімдеді Аңшылар мен балықшылар қоғамы.
Рұқсат бар, бірақ даулы
Ресми мәліметтер бойынша, Ақтөбе су қоймасының бойындағы үш учаскеде құм өндіруге екі жер қойнауын пайдаланушыға құқық берілген. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы бұл жұмыстарды тоқтатуға негіз жоқ екенін айтты.
"Ақтөбе су қоймасының бойындағы үш кен орнында екі жер қойнауын пайдаланушы құм өндіру қызметін жүргізіп жатыр. Басқарма бұл құқықты қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімдері негізінде берген. Жер қойнауын пайдалану құқығы 2024 жылы 10 жыл мерзімге берілді", – деп түсіндірді ведомство өкілі Абылай Жұмағұлов.
Аңшылар мен балықшылар қоғамы ұсынды
Тәуелсіз бағалау
Қорықшылар мен экобелсенділер заңның формалды сақталуы экологиялық салдарға жауап бермейді деп есептейді. Олар тәуелсіз сарапшыларды тартып, су жануарларына келтірілген залалды бағалай отырып, экологиялық сараптама жүргізуді талап етіп отыр.
Табиғатты қорғау ұйымдары бұл мәселеге қатысты жергілікті органдарға ресми өтініштер жолдаған. Қазір олар облыс әкімі жеке араласады деген үмітпен су қорғау аймақтарындағы кез келген жұмыстарға шұғыл тыйым салуды талап етіп отыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!