Қар барысы видеоға түсіп қалды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қар барысы видеоға түсіп қалды Бейнеден алынған кадр

Экология және табиғи ресурстар министрлігі ақпанда спутниктік қарғыбау тағылған қар барысы туралы айтып берді. Ведомство жануардың бірегей кадрларын бөлісіп, оның жай-күйі туралы мәлімет берді, - деп хабарлайды Tengri Travel.


Экология және табиғи ресурстар министрлігі ақпанда спутниктік қарғыбау тағылған қар барысы туралы айтып берді. Ведомство жануардың бірегей кадрларын бөлісіп, оның жай-күйі туралы мәлімет берді, - деп хабарлайды Tengri Travel.

Видео

Қар барысы түсірілген видео Экология министрлігінің ресми Telegram-арнасында жарияланды. Ведомство мәліметінше, жыртқыш Іле Алатауы ұлттық паркіндегі фототұзақ нысанасына іліккен.

Кадрлардағы датаға сүйенсек, видео 19 сәуірде түсірілген. Бейнежазбада қар барысының фототұзақ жанынан жайбарақат өтіп бара жатқаны көрінеді. Сонымен қатар жыртқыштың мойнынан жабайы табиғаттағы қозғалысын бақылау үшін биыл ақпанда тағылған спутниктік қарғыбауды байқауға болады.

Барыстың жай-күйі туралы не белгілі?

Экология министрлігі мәліметінше, қар барысы өзінің табиғи мекендеу ортасы шегінде жүр.

"Спутниктік телеметрия мәліметтері бойынша, қар барысы өз түріне тән табиғи мінез-құлық танытады. Бұл деректер оның табиғи ортаға бейімделу ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мамандар фототұзақтардың көмегімен жыртқыштың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр", – делінген хабарламада.

Үш айлық бақылау кезінде жыртқыштың қоректенуі қалыпты екені және физикалық күйінің жақсы екені анықталды.

Министрліктегілер қар барысын спутниктік қарғыбау арқылы бақылау оның қозғалысын қадағалау және сирек кездесетін түрді нақты уақыт режимінде тиімдірек қорғау үшін қажет екенін түсіндірді.

Мән-жайы

Қазақстанда спутниктік телеметрия көмегімен жануарлардың сирек түрлері, соның ішінде ақбөкен, қар барысы, құлан, арқар, Тоғай маралы, қарақұйрық және Тянь-Шань қоңыр аюы бақыланады. Сондай-ақ мониторинг жыл құстарының кейбір түрлерін де қамтиды.

TengriTravel
;