Иорданияға тікелей рейс туралы мәліметтер белгілі болды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Иорданияға тікелей рейс
Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев Иорданияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хамза Аль-Омаримен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иордания арасында тікелей әуе рейстерін ашу мәселесін талқылады.
2025 жылдың ақпанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иорданияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша иорданиялық тарап елімізге рейс ашуды бастауды жоспарлаған болатын.
Осыған байланысты екі ел арасында әуе қатынасы туралы келісімді дайындау және қол қою мәселелері қаралды.
Хамза Аль-Омари "Royal Jordanian" әуекомпаниясының 2026 жылдың маусымынан бастап Қазақстанға тікелей рейстерді аптасына екі рет орындауды жоспарлап отырғанын айтты.
Қазақстандық тарап рейстерді ашуға қолданыстағы келісімдер аясында көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Осылайша, 2026 жылдың жазынан бастап қазақстандықтар Иорданияға тікелей ұша алады деп күтіледі.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың мамырынан бастап Қазақстан бірнеше елге қосымша әуе рейстерін іске қосатыны хабарланған еді. Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, жаңа тікелей рейстер келесі елдерге жүзеге асырылады: Венгрия, Германия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Корея және Вьетнам.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!