Грузия Қазақстанмен достықты жоғары бағалайды және қазақстандық туристер үшін қолайлы жағдай жасауға бар күшін салып жатыр. Бұл туралы Грузияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Николоз Лалиашвили Tengritravel.kz тілшісіне шекарадан өту кезіндегі қиындықтарға қатысты пікір білдіре отырып айтты.
Шағымдар, жауап алу, депортация
Бұған дейін Қазақстан азаматтарына, кері билет, қонақүйге бронь, шақыру хаты және жеткілікті қаржысы болғанына қарамастан, Грузияға кіруге рұқсат берілмеген жағдайлар туралы айтылған болатын. Кейбір азаматтар шекарадан өту кезінде "дискриминацияға" тап болдық деп мәлімдеді: оларды жауап алуға алып кеткен, байланыссыз "күту бөлмесіне" кіргізіп, себепсіз депортациялаған.
Қазақстан алаңдаушылық білдірді
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Грузия тарапынан ресми ескертулер түспегенін мәлімдеді. Алайда Тбилисиде өткен консулдық консультациялар барысында Қазақстан тарапы азаматтарды кіргізуден бас тарту жағдайларының жиілеуіне байланысты алаңдаушылық білдірді.
Николоз Лалиашвилидің айтуынша, Қазақстан - Грузияның сенімді досы және өңірдегі негізгі серіктестерінің бірі.
Шекарадан өту кезінде бас тартуға байланысты елші былай деді: барлық тексеру халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі:
"Грузия шекарасынан өту кезінде тұлғаларды тексеру - азаматтығына қарамастан - Грузия заңнамасына және адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес, ешқандай дискриминациясыз жүргізіледі".
Кіру процедурасы құжаттарды тексеруді, сапар мақсатын сәйкестендіруді, сұхбат алуды және басқа да шараларды қамтиды. Бұл ережелер баршаға бірдей:
"Аталған ережелер Грузияға кіруге ниетті барлық елдің азаматына қолданылады, бұл ретте Қазақстан азаматтары ерекшелік болып табылмайды".
Бас тарту жағдайлары азаяды
Оның айтуынша, екі ел бұл жағдайларды барынша азайту үшін тығыз жұмыс істеп жатыр:
"Грузия мен Қазақстан тараптары шекарадан өту кезіндегі бас тарту санын азайту үшін белсенді түрде ынтымақтасып жатыр. Біз бұл бағытта оң динамика болады деп үміттенеміз".
Соңында, Лалиашвили туризм саласы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті:
"Грузия Қазақстанмен туризм саласында және адамдар арасындағы байланысты дамыту бағытында ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі".
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!