Павлодар әуежайы 2025 жылдың 1 сәуірінен 1 қарашасына дейін жөндеуге жабылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар-онлайн сайтына сілтеме жасап.
Әуежайды жабу туралы шешім облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте қабылданды. Әкім Асайын Байханов қарамағындағы қызметкерлерді жөндеу мерзімі туралы ақпаратты халыққа уақытында жеткізбегені үшін сынға алды.
Павлодар әуежайында күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ұшу-қону жолағы жаңартылып, кеңейтіледі. Егер жөндеу жүргізілмесе, 2026 жылы әуежай ұшу жарамдылығы сертификатын ала алмай, рейстерді қабылдау мүмкіндігінен айырылады.
Бұған дейін ұшу-қону жолағының жөндеу жұмыстары 2024 жылдың кеш күзінде аяқталады деп уәде етілген болатын. Алайда мердігерді таңдау бойынша ұзаққа созылған конкурстық рәсімдерге байланысты мерзім өзгертілді. Нәтижесінде медиативтік келісім жасалды.
Негізгі жөндеу жұмыстары 2025 жылы жүргізіледі. Сондай-ақ, 2025 жылы әуежай терминалында да қайта құру жұмыстары басталады. Облыс әкімінің айтуынша, ғимарат кеңейтіліп, қосымша құрылыс салынады, ал ішінде эскалаторлар орнатылады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!