Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл елімізде қымыз өндірісін өркендету үшін Үкімет нақты шараларды атқаруы керек деп өтініш айтты. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Үкімет басшысына сауал жолдады.
Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл елімізде қымыз өндірісін өркендету үшін Үкімет нақты шараларды атқаруы керек деп өтініш айтты. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Үкімет басшысына сауал жолдады.
Үкіметке ұлттық тағамдарға қатысты, оның ішінде, қымыз өндіруге мемлекеттік маңыз беру қажет екендігі туралы сауал бұған дейін екі рет жолдаған. Үшінші рет жолданған сауалда депутат нақты шаралар ауызша емес, іс жүзінде іске асса дегенді айтады.
"Үкімет басшысының тарапынан берілген жауапта біз көтерген ұсыныс-талаптардың қолдау табатындығы атап көрсетілген еді. Мәселен, сауылатын биені бағып күтуге берілетін субсидияның көлемін ірі қараға бөлінетін қаржы деңгейіне дейін жеткізу туралы ұсыныс орынды екені айтылды. 2013 жылы қымызды субсидиялауға 307,2 млн теңге бөлінген, бұл - 2012 жылға қарағанда, екі есе көп. 2014 жылдан бастап, 280 жылқы шаруашылығына жаңа техника мен құрал-жабдық сатып алуға кететін шығынның 50 пайызын өтеу үшін инвестициялық субсидиялар бөлінетін болды. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде "Қазақтың ұлттық тағамдары" ғылыми орталығын ашу жөніндегі ұсыныс та қолдау тапты", - дейді Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл.
Дегенмен жауап берілсе де, нақты іс-әрекет пен қозғалыс байқалмай отыр. "Елімізде қымыз бен шұбат, басқа да ұлттық тағамдар өндіруге жаппай құлшыныс бар екенін, бұл сала ауыл экономикасын, тұтастай алғанда ұлттық экономиканы дамытудың ықпалды саласы бола алатынын ескеріп, аталған мәселені жеделдетуді өтінеміз", - дейді өз сауалында халық қалаулысы.
Қымыз өндірушілердің республикалық және аймақтық палаталарын құру - кезегін күтіп тұрған жайт. Үкіметтің тарапынан бұл талап та қолдау тапқан еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" заңына қой және жылқы шаруашылықтары саласындағы жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін республикалық палаталарды құру жөнінде өзгерістер енгізетіні және Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылатыны айтылған. Алайда әлі күнге нақты шешімін тапқан жоқ.
"Аталған мәселелер барынша өзекті, себебі қымыз өндіру қарқыны жыл сайын артуда, оны шетелдер де игеруде, жаңа өндірістік құрылымдар пайда болуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Евразия Инвест LTD" компаниясы Қарағанды мен Астана қалаларының аралығында биенің құрғақ сүтін, балаларға арналған емдік-диеталық тағам өндіретін зауыт салып жатыр. Ресейде мұндай тағамның жылына 500 тоннасы шығарылады. Осындай ауқымдағы шаралар заңмен реттелуі қажет. Біз бұл шешімге бәрібір келеміз, сондықтан ұзын арқан, кең тұсауға сала бермейік", - дейді Алдан Смайыл.