Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" акционерлік қоғамының наразылық білдіруші жұмысшылары қысқартуға ілінді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" акционерлік қоғамының наразылық білдіруші жұмысшылары қысқартуға ілінді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Шахтерлер айтып отырғандай "Майқайыңалтын" АҚ жұмысшыларының жартысын қысқартқан. Ал қалғандарының жұмысын жалақысы аз, басқа кен орындарына ауыстырған.
"Маған жалақысы екі есе төмен слесарьдың жұмысын ұсынды. Бас тартып едім, мені қысқартты. Шындығында мені жұмыс барысына қатысты өзіндік талаптарымды білдіргенім үшін қысқартты. Жалғыз мен емес, олар бірнеше адамды қысқартты. "Алпыс" кен орынында жұмыс істегендердің де біразы осындай қысқартуларға түсіп кетті. Осы арқылы кәсіпорын бізден есе қайтарып отыр", - дейді тілшілерге Руслан Күзембаев.
Шахтердің айтуынша, қысқартуға оннан астам жұмысшы іліккен. Ал Павлодар облыстық Еңбек басқармасы жұмысшылардың "бізді кәсіпорын есе қайтару үшін қысқартты" деген пікірлерімен келіспейді.
"Кәсіпорындағы техникалық үрдістердің салдарынан қысқарту болып отыр. Қазір біздің қолымызда нақты қанша жұмысшының қысқартылғаны туралы мәлімет жоқ. Құжат бойынша "Майқайыңалтын" АҚ қысқартуды заңдық тұрғыда жүргізген. Кәсіпорын кейбір қызмет түрінен бас тартып отырғандықтан бұл жерде заң бұзушылық жоқ", - деді Павлодар облыстық Еңбек қауіпсіздігін қадағалау басқармасының бөлім бастығы Данияр Әкіжанов.
Ол сондай-ақ "Майқайыңалтын" кәсіпорынындағы жағдайдың ушығып кеткенін де жасырмады. "Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Талай шаралар жүргізілді, әлі де жүргізіледі. Жалақы жөнінде келіспеушіліктер жойылды. Ал жалақыға қосымша сыйақы беру мәселесін ұжым бірлесіп шешуі тиіс. Заң бойынша біз жұмыс берушіге жұмысшыға сыйақы беруді міндеттей алмаймыз", - деді Әкіжанов.
Мәлім болғандай "Майқайыңалтын" акционерлік қоғамына қарасты "Алпыс" кенішінде еңбек шарттарына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар болған. Кәсіпорынның техникалық құрал-жабдықтары еңбек қауіпсіздігіне сай келмеген. Шахтерлар түскі ассыз жұмыс істеген. Олардың жұмыс уақыты да шамадан тыс болған. Жұмысшылар жұмыс киімдерімен уақытылы қамтылмаған, олардың жуынатын бөлемелері де талапқа сай келмеген. Тексеру барысында осындай олқылықтар әшкере болып, кәсіпорынға келеңсіздіктерді жою үшін арнайы мерзім белгіленді.
Еске салайық, 15 тамыз күні "Майқайыңалтын" АҚ шахтерлері Баянауыл ауданында наразылық өткізді. Еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап еткен еңбеккерлер екі күн бойы 130 метр тереңдіктегі шахтадан шықпаған. Мәселені шешу үшін Баянауыл ауданына "Майқайыңалтын" АҚ-ның акционері саналатын "Орыс мыс компаниясының" басшысы да келген болатын.
Артынша жергілікті биліктің араласуынан кейін кәсіпорынға прокурорлар да келіп, мәселенің ақ-қарасын анықтауға кірісті.
"Майқайыңалтын" АҚ алтынмен бірге мыс өндірумен де айналысады. Кәсіпорында 826 адам жұмыс істейді.