Әлеуметтік желілерде блогер қатысқан аяусыз төбелестің видеосы тарады. Жағдайға байланысты полиция пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Қостанайда блогер қызды соққыға жықты. Бұған дейін ол аутизм спектрі бұзылған және онкологиялық ауруы бар балалардың аналарына қатысты айтқан сөздері үшін айыппұл арқалаған болатын.
Роликтердің бірінде ол балалардың дертін ата-анасының өмір салтымен байланыстырған. Бұл жолы жанжал әлеуметтік желі шеңберінен шығып кетті. Блогер қатысқан төбелес видеосы желіде қызу талқыланып жатыр.
Жарияланған кадрларға қарағанда, төбелеске блогердің туыстары да қатысқан.
Полиция пікірі
Қалалық полиция мәліметінше, барлық қатысушы сол жерде ұсталып, бөлімшеге жеткізілді.
"Екі қыз арасындағы жанжал әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде басталғаны алдын ала анықталды. Өзара жанжал жеке кездесу кезінде жалғасып, соңы төбелеске ұласқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Индира Нұруева.
Айта кетейік, әйел полиция бөлімінен видео жариялап, кейін оны өшіріп тастаған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде блогердің ерекше балалардың ата-аналарының ашу-ызасын тудырған даулы видеосы тараған болатын. Сот блогердің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырғанын жеңілдететін мән-жай деп танып, құқық бұзушылықтың сипатын ескере отырып, 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданды.