Жанәбіловтерге Lamborghini мен Lexus қайтарылады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жанәбіловтерге Lamborghini мен Lexus қайтарылады Фото © Tengrinews.kz

Астана соты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға Lamborghini Urus және Lexus LX600 автокөліктерін қайтару туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Астана соты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға Lamborghini Urus және Lexus LX600 автокөліктерін қайтару туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Судья Әділбек Баймахановтың үкімді түсіндіруінен сотталушылар мүлкінің бір бөлігі мемлекет пайдасына тәркіленуі тиіс екені белгілі болды.

"Мүлік мемлекет пайдасына тәркіленсін: сегіз дана Hyundai Elantra маркалы автокөлік және жады 128 гигабайттық 17 дана iPhone 16 маркалы ұялы телефон", - деді судья.

Сонымен қатар Lamborghini Urus және Lexus LX600 автокөліктеріне салынған тыйым жойылды.

"Үкім заңды күшіне енгеннен кейін аталған автокөлік құралдары тиісті иесіне қайтарылсын", - деп түсіндірді Баймаханов.

Бұдан бөлек, сот Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан жәбірленушілердің өтемақы қорына әрқайсысынан 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндірді.

"Заттай дәлелдемелер - DVD-дискілер, флеш-карталар, банктік үзінді көшірмелер - іс материалдарымен бірге сақталсын", - деп толықтырды судья.

Блогер Эльмира Төлегенова жазасын өтеуді кейінге қалдырумен нақты мерзімге сотталды.

Оның күйеуі Ерболат Жанәбіловке мүлкін тәркілеумен бірге 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жанәбіловтер ісіндегі күтпеген өзгеріс: прокурор мәміле жасасуға келісті

Қандай айып тағылды?

Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылған.

Сот қалай өтті?

16 наурызда Астанада елордалық блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. Ерлі-зайыпты сот отырысы кезінде журналистердің видео және суретке түсіруіне қарсы шықты.

"Үлкен балам мектепке барады, балама жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылады", - деп Төлегенова мұндай шешімнің себебін журналистерге түсіндірді.


Блогерлердің адвокаты сот талқылауын жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді, прокурорлар бұған қарсылық білдірді. Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сондай-ақ сот отырысы кезінде Жанәбіловтердің адвокаты соттан істі прокурорға қайтаруды сұрады.

Бұған дейін сотта прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыды. Онда акциялар аясында көрсетілген ұтыстар пен сыйлықтар қатысушылардың ақшасына сатып алынғаны, алайда жарнамада ұтыс қоры ұйымдастырушылардың өз қаражаты есебінен қалыптасқандай көрсетілген. Тергеу мәліметі бойынша, акциялар өткізілген кезеңде жобамен байланысты есепшоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.

22 сәуірде Астана сотында сот тергеуі аяқталды. Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша жарыссөз барысында прокурор оларға нақты жаза мерзімін сұрады.

Еске сала кетейік, 14 сәуірде сотта блогер Эльмира Төлегенова кінәсін ішінара мойындады. Бұған дейін процесс барысында блогер Ерболат Жанәбілов жауап берген. Ол да сотта кінәсін ішінара мойындап, көзіне жас алған болатын.

"Мен неге дәл біз екенін түсінбеймін. Бұл ата-анамызға өте ауыр тиіп жатыр. Мен түсінбеймін: бәлкім, біреудің жолын кескен шығармыз? Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Бүгін болмаса, ертең. Мен тіпті жауларыма да мұндай жағдайға тап болып, сот алдында тұруды тілемеймін", - деді ол.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 460.16   539.1   6.13 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер