Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүдделі халықаралық тараптарды Каспий теңізін сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Сонымен қатар еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды. Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтергенін, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болғанын, аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін айтты.
"Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтіп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!