Өндірістен шеттетілген халық тоқырауға ұшырайды
Өндірістен шеттетілген халық рухани кедейшілікке, тоқырауға ұшырайды
Көшпелі технологияға жүгіну – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Әйтсе де сырттан келетін технологияның көлеңкелі жақтары барын да ескеруіміз керек. Шетелдік технологияға жүгіну – технологиялық бодандыққа түсіруі мүмкін. Сондықтан нақ қазір Қазақстан үшін сырттан келетін көшпелі технологияның көмегіне жүгіне беруден сақтанған абзал. Бұл үрдіске иек арта берсек, біз күні ертең ескі технологиялардың мұражайына айналып, өмір бойы өзгелердің соңынан еріп қана отыруымыз мүмкін. Қазір біздің қоғамда "ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, жаңа технологияны жасауға қаржы шығарудың қажеті қанша? Оның орнына шетелдік дайын технологияны сатып алып, өндіріс орындарын құрмаймыз ба?" деген кері тартпа пікірлер де бар. Ақиқатында мұндай таяз ой, жаңсақ пікірлерге қазір өмірдің өзі жауап бере бастады. Қыруар қаржы шығындап, шетелдік технологиямен өнім шығаратын өндіріс орындарын салтанатты түрде ашқан қайсыбір мекемелер жарты жыл өтер-өтпестен үнсіз жабылып қалған жайттар да кездеседі. Бұған себеп – шетелдік технология мен жергілікті шикізаттың үйлеспейтіні. Осыдан барып шығарған өнім сапасыз, сатылу қабілеті төмен, ішкі сұраныс мардымсыз. Егер бұл көріністің келешекте молынан орын алуы мүмкін екенін түсінсек, біз Қазақстан ғылымының аяғына тұсау болып, адымын аштырмай тұрған бірнеше кедергіден үзілді-кесілді арылуымыз қажет.
Мәселен, біздің жерімізде қайтарымды табиғи қуат көздерінің өте үлкен қоры бар екені белгілі. Арзан, тиімді электр қуатын алуға болатын жерасты ыстық су көздерінің көлемі шартты отын түріне шаққанда, еліміздегі мұнай-газ қорларын қосып есептегендегі мөлшерден он есе көп. Енді бұған мәңгілік сарқылмас әзірге игерусіз жатқан жел, күн қуатын қоса беріңіз. Міне, ғалымдарға, тиісті Үкімет құрылымдарына 2020 жылға дейін еліміздің экономикасын қайтарымды қуат көздерін пайдалануға толық көшіру туралы нақты стратегиялық тапсырыс берілсе, мұндай ғылыми жоба еліміздің экономикасына түбегейлі өзгерістер енгізіп, қуатты мемлекетке айналуымызға үлкен ықпал жасар еді.
Екінші бір ғылыми жоба – жер қойнауындағы қазба байлықтарды, жерасты таза су көздерін ықшамды, залалсыз игерудің жаңа әдістемелерін өмірге енгізу. Қазірде кен орындарында ежелден қолданылып келе жатқан дәстүрлі әдістер шахта, ашық карьерлердің жер қыртысына, жерасты су жүйелеріне тигізіп жатқан залалдарының өлшемі, есебі жоқ екені белгілі. Бұл әдістермен бір тонна қазба байлықты алу үшін шамамен жүз тонна бос тау жыныстарын қопарып, жер бетіне тасымалдауға тура келеді. Қаншама қуат, қаржы қайтарымсыз еңбекке жұмсалады. Осыған байланысты жер қойнауынан ұңғылау жүйесі арқылы тек қазба байлықтарды ғана алып шығатын технологияның негізін жасау жобасы қажет дер едім. Жобаның нәтижесі – өндірілетін қазба байлықтардың өзіндік құнының ондаған есе төмендеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай әдістер жер қойнауын сақтауға және оның бастапқы табиғи қалпына еш зиянын тигізбес еді. Меніңше, бұған қоса инновациялық жобалардың қатарына жел қуатын игеру және Алматы қаласының ауа кеңістігін зиянды қалдықтардан тазартуға арналған ұсыныстарды да жатқызуға болады. Мысалы, Алматының тау баурайында орналасқанын ескере отырып, қаланың ауа қабаттарының қозғалу заңдылықтарын, қысымын және қызуын зерттеп, таудан қалаға қарай жүргізілетін ауа қысымы жоғары және төмен алқаптарды жалғастыратын құбырлар жүйесін салуға болады. Сонда құбырдың екі басындағы ауа қысымының алшақтығы құбырда өте қуатты, тығыз, жылдамдығы үлкен, басқарылатын жасанды жел өзендерін туғызады да, құбырдың ішіне бойлай орналастырылған турбиналар тізбегінен электр қуатын алуға болады. Ал құбырдан шыққан аса екпінді жел өзендері Алматының ауа кеңістігін тазалауға бағытталған болар еді. Мұндай ғылыми жобаларды іске асыруға аса көп қаржының, уақыттың қажеті жоқ. Шамамен үш-төрт жыл жетеді.
Әрине, ол үшін бізге өндіріс пен ғылымның арасына өткел керек. Отандық өндірістің әлеуеті осы орайда артады. Мысалы, өркениетті мемлекеттердің дені мүмкіндігінше жергілікті өндіріс орындары шығаратын бұйымдарды тұтынуға тырысады. Мәселен, Оңтүстік Кореяда күнделікті, қарапайым тұрмыстың өзінде жергілікті халық дүкендегі сөреде сапалы, бағасы арзан Вьетнам күріші тұрғанына қарамастан, қымбат болса да корей күрішін сатып алуға ұмтылады. ТМД мүшесі, кедендік одақтасымыз Беларусь елінде мемлекеттік тапсырыспен Минскіде шығарылған бұйымдарды ғана сатып алуға болады. Көршілес Қытай, жеңіл автокөлікті шығару саны жағынан биыл әлемдегі бірінші орынға шықты. Ондағы жүздеген жылдық тарихы бар автоконцерндердің барлығы дерлік АҚШ пен Алманиядан болғанына қарамастан, автокөлікті құрастыратын бөлшектердің 80 пайыздан астамы Қытайда жасалады. Нәтижесінде, Қытайда көптеген жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік мәселелерді шешуге және экономиканы үдемелі үрдіспен дамытуға жағдай туды. Біз инновациялы экономиканы бетке алған екенбіз, Қазақстанға да нақ осындай бағыт керек.
Жалпы, қазіргі біздің ғылымға, өнертабысқа деген мешел көзқарасымыз өткен ғасырдың басында Америкада болған мына бір оқиғаны еске түсіреді: Әйнек шығару зауытының қожайынына келген өнертапқыш, өзінің ашқан жаңалығы бойынша құйылған әйнектің аса берік, сынбайтын үлгілерін көрсетіп, бірлесіп шығаруға ұсыныс жасайды. Зауыт қожайыны ойлануға бір жетіге мұрсат сұрайды. Өнертапқыш кеткеннен кейін зауыт қожайыны өнертапқыш қалдырған жаңалықтың жазбасын, әйнектің үлгілерін отқа тастайды. Бір жетіден кейін өнертапқыштың аяқ астынан қайтыс болғаны белгілі болады. Қатыгез, бірақ қожайын үшін өмірлік шешім – сынбайтын әйнекті шығару, ұзамай өндірісті жабумен бірдей емес пе?! Мұндай кері тартпалыққа қазақ қоғамында да жол беретіндер бар. Сондықтан қазақ ұрпағының көзі ашық, көкірегі ояу, миы тұнық болса деймін...