Избастин Рымтай

  • Фото ветерана: Избастин Рымтай
    Избастин Рымтай

1942 жылы 12 наурыз күні Баянауыл қазақ орта мектебінің 10 сыныбында оқып жүргенде Рекең әскерге шақырылып, Қиыр Шығыс өлкесіне жіберілді, өйткені 1942 жылы фашистер Сталинградқа жетіп, қала ішінде соғыс жүріп жатты. Ал жапон импералистері Кеңес өкіметіне қарсы Шығыстан соғыс ашпақ болып отырды. Осы кезде Отанымыздың Шығыс шекарасын мықтап ұстау керек болды. Шығыстағы Ворошилов қаласында 40-шы дивизия, 178-ші полк, 1-ші батальонда курсанттар дайындау бөлімінде 3 ай оқып, кіші сержант атағын алып, бөлімше командирі болып, жоғарыдағы полк пен дивизияның құрамында Корея мемлекеті шекарасына жіберілді. Ол кезде Жапония Кореяны басып алып, өздерінің таңдаулы қару- жарақ пен бас- аяғына дейін қаруланған атақты Квантун армиясын осы шекарада ұстап, Кеңес Одағына шабуыл жасап, Оралға дейінгі Кеңес Одағының жерін басып алуды көздеген. Осындай жағдайда біздің дивизия 1944 жылдың аяғына дейін сол шекара маңында болды. 1945 жылы мамыр айының басында Германия соғыста жеңіліп, сөзсіз тізе бүкеннен кейін, енді қиыр Шығыстағы жауынгерлерді Жапониямен соғысуға дайындап жатты. 1945 жылдың 9 тамызы күні таңғы сағат үште І- ІІ қиыр Шығыс майдандарының әскерлері Жапонияның Кореядағы шекарасынан өтіп, Жапонияңа қарсы соғыс бастады. Бөлімше командирі сержант Ізбастин Рымтай Маньчжурия, Солтүстік Кореяның жерлерін жаяу жүріп, соғысып, 29 тамыз 1945 жылы Кореяның Канко қаласының түбінде контузия алып, госпитальге түсті. Арада 4-5 күн өткен соң, Жапония соғыста жеңіліп, тізе бүгеді. Жапонияның Квантун армиясы түгелімен тұтқынға беріледі. Рекең сол Солтүстік Кореяда 1947 жылдың наурыз айына дейін болып, сол жылы сәуір айында өзінің туған еліне, Баянауылға оралады.

Нравится