Несие бойынша қоса қарыз алушы болуға келіскен қазақстандықтар, егер негізгі қарыз алушы төлемді тоқтатса, бүкіл борышты өтеу міндетін өз мойнына алуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) басты тәуекелдер туралы еске салды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Неге біреудің қарызымен қалып қоюға болады?
Қоса қарыз алушы негізгі қарыз алушымен бірге банктік қарыз шартына қол қояды және міндеттемелердің орындалуына бірдей жауапты болады. Егер негізгі қарыз алушы төлем жасауды тоқтатса, банк берешекті ішінара немесе толық көлемде өтеуді қоса қарыз алушыдан талап етуге құқылы.
Бұл ретте кредитор оған заңнамада көзделген барлық өндіріп алу шарасын қолдана алады: шоттарындағы ақшаны есептен шығару, сотқа жүгіну және мүлікті, соның ішінде жылжымайтын мүлікті өндіріп алуды талап ету.
Басқаша айтқанда, банк үшін қоса қарыз алушы несиені ресімдеген адам сияқты тең дәрежелі борышкер.
Қоса қарыз алушының кепілгерден айырмашылығы неде?
ҚНРДА қоса қарыз алушыны кепіл берушімен (кепілгермен) шатастырмау керектігіне назар аударады. Кепілгер банк алдында кепілдік шартында қарастырылған міндеттемелер шеңберінде ғана жауап береді. Ал қоса қарыз алушының жауапкершілігі бүкіл несиеге немесе берешектің қалған сомасына таралады.
Сондықтан реттеуші адам кенет біреудің несиесін төлеу қажеттілігіне тап болып, өз ақшасынан немесе мүлкінен айырылу қаупі бар екенін ескертеді.
Неге банктер қоса қарыз алушыны талап етеді?
Әдетте қоса қарыз алушыны тарту себебі - банк несие беру туралы шешім қабылдағанда оның табысын негізгі қарыз алушының табысымен тең деңгейде ескереді. Бұл 50 пайыздан аспауы тиіс борыштық жүктеме коэффициентін (несие бойынша төлемдердің ай сайынғы табысқа қатынасы) және қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін (барлық өтелмеген несиелер сомасының жылдық табысқа бөлінісі) есептеу кезінде маңызды.
ҚНРДА қол қоймас бұрын шарт талаптарымен мұқият танысуға, қаржылық мүмкіндіктерді объективті бағалауға және міндеттемелер несиенің бүкіл сомасы есептелген пайыздарымен бірге толық өтелгенге дейін сақталатынын есте сақтауға кеңес береді.
"Кредит мәмілесіне қатысу туралы шешім қабылдау терең ойлануды және онымен байланысты барлық тәуекелді түсінуді талап етеді. Ықтимал салдарды жеткілікті бағаламау айтарлықтай қаржылай салмақ салуы мүмкін", - деп жазады реттеуші.
Несиелер бойынша мерзімі өткен берешек өсіп жатыр
1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан банктерінде халыққа берілген несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің жалпы көлемі 1,1 триллион теңге болды. Бұл жыл басына қарағанда 15,8 пайыз, ал бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 45,9 пайыз көп.
Мемлекет ҚНРДА мен Ұлттық банк арқылы кейінгі екі жылда халықтың шамадан тыс несие алуымен белсенді күресіп келеді. Тұтынушылық қарыз беру шарттары, әсіресе реттелмеген мерзімі өткен қарызы бар адамдар үшін қиындатылып жатыр. Мұндай клиенттер жаңа несие алуға үміткер бола алмайды. Сондай-ақ 1 000 АЕК-тен (4,3 миллион теңге) асатын несие ресімдеу кезінде жұбайының міндетті келісімін алу туралы бастама қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтарға несие бойынша көмек ұсыныла бастады: нені білу керек?