08 қазан 2014 15:13

Коммунист депутат Лас-Вегас казиносына барғанын айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

©ru.wikipedia.org ©ru.wikipedia.org

Қазақстанның коммунистік халық партиясының депутаты Тұрсынбек Өмірзақов ойын бизнесін қорғап, пікір білдірді. Оның сөзі әріптестерінің наразылығын туғызды, тіпті ҚХКП мүшелерін екіге бөле жаздады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстанның коммунистік халық партиясының депутаты Тұрсынбек Өмірзақов ойын бизнесін қорғап, пікір білдірді. Оның сөзі әріптестерінің наразылығын туғызды, тіпті ҚХКП мүшелерін екіге бөле жаздады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бүгін Парламенттің төменгі палатасының депутаттары букмекерлік кеңселер, тотализаторлар мен интернет-казиноларға қатысты заңнаманы қатайтатын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

"Халық коммунистері" фракциясының өкілі Тұрсынбек Өмірзақов заңдастырылған ойын бизнесін қорғай отырып, заң жобасына өз ұсыныстарын айтты.

"Егер біз букмекерлік кассаның не екенін нақты анықтамақ, онда кассалардың бәріне салық салып, адамдардың қалыпты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасамайтын боламыз. Тотализаторды алайық: аптасына 2-3 рет атжарыс өтеді, адамдар келеді, бір сағат ішінде 2000 адам бәс тігеді, қалай бір кассамен қызмет етуге болады? Әр кассаға салық салу қисынсыз ғой?" - деді Өмірзақов. Ол Ресей бизнесімен салыстырғанда, Қазақстанда жаңа заң жобасы букмекерлік кеңселер салығын 8 есеге, электронды кассалар салығын 2667 есеге арттырғалы отырғанын айтты.

Депутат Беларусьтегідей ойыншыларға өзін-өзі шектеу әдісін енгізуді ұсынады, яғни әр адам өзі арыз жазып, өзін ойыннан шеттетуді сұрайды. Депутаттың пікірінше, ойынқұмарларға басқаша жолмен көмектесу мүмкін емес.

"Мен казиноны басқаратын адамдарымызбен сөйлестім, олардың айтуынша, ойынқұмарлыққа салынған адамдар казиноның беделіне нұқсан келтіріп, сол жағынан шығынға ұшыратады", - деді ол.

Интернет-казиноға тыйым салу, депутаттың айтуынша, ауыр салдарларға соқтырады. Ресей мұндай тыйымды енгізіп, табыстың 40 пайызынан айырылды. "Интернет-казиноның барлығы оффшорлық аймаққа кетті", - дейді ол. 

Бұл дәйектердің бәрі депутат Рауан Шаекин үшін таңғаларлық жайт болып көрінді. "Нан кезегі туралы айтқандай, кассаларды кеңейтуге шақырған коммунистік партияның бұлайша жаңарғанын көргеннен кейін сөйлемес едім, бірақ үнсіз қалғым келмейді, мен бұл кассаларды азайтуды қолдаймын, себебі олар, шынымен де, біздің жас ұрпаққа зиян келтіреді", - деді Шаекин.

Букмекерлік кеңселерді жамандық деп атаған Шаекин оларды Бурабай мен Қапшағайға көшіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. "Егер біз букмекерлік кеңселерді ойын бизнесі шоғырланған аймаққа шығарсақ, одан нан бағасы қымбаттамайды, коммуналдық қызмет тарифтері өспейді, қоғамдық көлікте жүру ақысы жоғарыламайды, әлеуметтік төлемдер азаймайды, ел тұрғындары наразылықтан қақ жарылып кетпейді деп ойлаймын. Біз отбасыларды ажырасудан, жастарымызды құмар ойындарына салынып кетпеуден сақтаймыз, тұтас алғанда, қоғам сауыға бастайды деп есептеймін", - деді Шаекин. 

"Халық коммунистері" фракциясының тағы бір мүшесі Галина Баймаханова Шаекиннің коммунистік партияға берген бағасына қарсылық білдірді. "Егер депутаттың көзқарасы айтылса, ол - бөлек, фракция мен партияның ұстанымы - бір басқа. Сондықтан партияға қандай да бір құлақша жапсыру этикаға жат", - деді ол.

Баймаханованы фракция жетекшісі Владислав Косарев қолдады. "Тұрсынбек Қазенұлының ұстанымы партияның көзқарасын білдірмейді. Мен Парламентте кім, қайда карта ойнауы керек дегенді талқылау қорлық деп есептеймін. Бұл - облыс әкімнің немесе аудан әкімінің айналысатын ісі", - деді ол.

Тұрсынбек Өмірзақов өз көзқарасын қорғауға тырысты. "Ойын бизнесін жамандық деп анықтау дұрыс емес. Барлық өркениетті әлемде ойын бизнесі бар, жақсы дамыған. Сіздер ойын бизнесінсіз туризмді қалай дамытқалы отырсыздар? Мен жуырда ғана Америкадан келдім - барлық жерде казино бар. Мен коммунист болғандықтан соны қолдайық деп тұрған жоқпын, мен экономиканың, туризмді дамытудың жайын айтып тұрмын. Мысалға, тотализаторларды алайық, олар жылқы шаруашылығының, ауыл шаруашылығының дамуына көмектесіп отыр. Кез келген бизнеске ол жамандық па, жақсылық па деп қарау қажет емес, бұл - қалыпты, өркениетті бизнес", - деді Өмірзақов.

Төменгі палата спикері Қабиболла Жақыпов әріптестеріне бір-бірінің пікірлеріне өзара төзімділікпен қарауды ескертті. 

"Мүмкін, жетер? Айтып болдыңыздар ма? Әйтпесе, партияның екіге жарылғаны сияқты екен...", - деп әзілдеді ол.

БАҚ өкілдері Өмірзақовтан оның казино ойнап көрген-көрмегенін сұрады. "Мен бір-ақ рет ойнап көрдім, мысалы, Америкада болдым, Лас-Вегаста, Лас-Вегастағы қонақүйде тұрдым, онда бірінші қабатта ойын автоматтары арқылы өтесің, тамашалаған қызық", - деді ол.

"Жазда Монтана штатында болдым, онда казинолар, букмекерлік кеңселер барлық жерде бар. Адам ойнағысы келсе, өзі біледі", - деді депутат.

Ол букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың ұят нәрсе емес екенін айтты. "Онда да адамдар ойнайды, адамдар футбол, волейбол ойнап жатады. Бәс тігеді, бұл - адамның басқа да түрлі ниеті сияқты қалыпты құбылыс қой. Мұндай ниетті жаман деу - дұрыс емес. Өйткені адамның ойын ойнауға құмарлығы табиғаттан беріледі. Қанша астыртын казиноның жабылып жатқанын білесіздер ме, оның бәрін астыртын істеудің не керегі бар?" - деді ол.

Журналистер Мәдениет және спорт вице-министрі Тастанбек Есентаевтан букмекерлік кеңселерді Бурабай мен Қапшағайға көшіру туралы Шаекиннің ұсынысына қалай қарайтынын сұрады. "Мен бұған қарсымын. Букмекерлік кеңселер көлеңкеге кетеді, заңбұзушылықтар көп болады, сондықтан заң жобасында ол қарастырылмаған", - деді Есентаев. Ол бүгінде Қазақстанда 2 мыңнан астам букмекерлік кеңсе бар екенін айтты, оның 700-і заңды түрде тіркелген, қалғандары заңсыз жұмыс істеп, салық төлемейді. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети