Ауырып қалсаңыз, жарақат алсаңыз немесе науқас балаға күтім жасасаңыз - осы жағдайдың бәрінде қазақстандықтар уақытша еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдей алады. Дегенмен, оның айналасында әлі де көптеген сұрақ туындайды. Еңбекке жарамсыздық парағына кімнің құқығы бар? Оны өткен күнмен ашуға бола ма? Ауру кезеңін кім төлейді? Егер ауру созылып кетсе не істеу керек және жұмысшы емделіп жүргенде оны жұмыстан шығара ала ма?
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу мен төлеуге қатысты ең көп қойылатын сұрақтарға түсініктеме берді. TengriHealth жұмысшылар білуі тиіс барлық маңызды ақпаратты қарапайым тілмен түсіндіреді.
Еңбекке жарамсыздық парағы дегеніміз не және ол неге қажет?
Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы - бұл адамның денсаулығына байланысты немесе заңнамада қарастырылған басқа да себептер бойынша уақытша жұмыс істей алмайтынын растайтын ресми құжат.
Бұл құжаттың екі негізгі маңызы бар:
1. Ол жұмысшының жұмыс орнында болмауының дәлелді себебін растайды. Яғни, адам жұмысқа жай ғана келмей қалған жоқ, ол белгілі бір кезеңге еңбек міндеттерін орындаудан ресми түрде босатылды.
2. Еңбекке жарамсыздық парағы уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы алуға негіз болады.
Дәл осы дұрыс рәсімделген уақытша еңбекке жарамсыздық парағы жұмысшыға төлем алуға құқық береді. Жұмыс берушіге өзін жайсыз сезініп тұрғаны туралы жай ғана хабарлау жеткіліксіз.
Еңбекке жарамсыздық парағы қандай жағдайларда беріледі?
Еңбек министрлігінің редакция сауалына берген жауабына сәйкес, жұмысшының еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдей алатын жағдайларының тізімі айтарлықтай кең.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы келесі жағдайларда беріледі:
- жедел аурулар кезінде;
- созылмалы аурулар асқынғанда;
- жарақат алғаннан кейін;
- улану кезінде, егер адам уақытша еңбекке қабілетін жоғалтса;
- жүктілікті жасанды түрде үзген кезде;
- жүктілік және босану кезінде;
- науқас балаға күтім жасау қажет болғанда;
- жаңа туған баланы асырап алған жағдайда;
- санаторлық-курорттық ұйымда қосымша ем қабылдау кезінде;
- карантин кезінде;
- ортопедиялық протездеу кезінде.
Осылайша, еңбекке жарамсыздық парағы тек жұмысшының өз денсаулығына ғана байланысты болмауы мүмкін. Мысалы, ата-ана науқастанған баласына күтім жасау қажет болса, уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ала алады.
Кімдердің еңбекке жарамсыздық парағын алуға құқығы бар?
Қазақстанда еңбекке жарамсыздық парағы мына тұлғаларға беріледі:
- ел азаматтарына,
- қандастарға,
- егер олар еңбек қызметін жүзеге асырса, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға.
Сондай-ақ, еңбекке жарамсыздық парағын студенттер өндірістік практика кезінде ақы төленетін жұмыс орындарына қабылданған кезеңде рәсімдей алады.
Бұл ретте маңызды нәрсені түсіну керек: еңбекке жарамсыздық парағының өзін алу құқығы мен төлем алу құқығы әртүрлі шарттарға байланысты.
Төлем туралы айтатын болсақ, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақыны жұмыс берушімен еңбек шарты негізінде еңбек қатынастарында тұрған жұмысшылар алады.
Яғни ресми түрде жұмысқа орналасу - төлем алудың басты шарттарының бірі болып табылады.
"Дәрігер емделушінің өзін жайсыз сезініп тұрғанына шағымданғаны үшін ғана еңбекке жарамсыздық парағын автоматты түрде рәсімдей алмайтынын түсіну маңызды. Алдымен ол медициналық тексеру жүргізеді, емделушінің медициналық картасына жазба қалдырады, онда диагнозды, денсаулық жағдайын көрсетеді және адамды жұмыстан уақытша босату қажеттілігін негіздейді.
Осыдан кейін ғана уақытша еңбекке жарамсыздық парағы рәсімделеді.
Еңбекке жарамсыздық парағын өткен күнмен ашуға бола ма?
Бұл - жұмысшылар ең жиі қоятын сұрақтарының бірі. Мысалы, адам дүйсенбі күні өзін нашар сезініп, бірнеше күн үйде емделді де, дәрігерге тек бейсенбіде барды. Дәрігер еңбекке жарамсыздық парағын дүйсенбіден бастап рәсімдей ала ма деген сұрақ туындайды.
Жауап: көп жағдайда - жоқ.
"Еңбекке жарамсыздық парағы медицина қызметкері тексеруден кейін пациенттің уақытша еңбекке жарамсыздығын анықтаған күннен бастап ресімделеді. Егер адам медициналық көмекке жүгінбесе және ауырған күндері тексеруден өтпесе, сол кезең үшін уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алу мүмкін емес", - деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер.
Ережелерде белгіленген жекелеген жағдайлар үшін, соның ішінде оқу мен жұмысты қатар алып жүрген тұлғалар үшін ерекшеліктер қарастырылған.
Еңбекке жарамсыздық парағы қандай мерзімге беріледі?
Еңбекке жарамсыздық парағы уақытша еңбекке жарамсыздық анықталған күннен бастап ашылады. Бұл ретте оның мерзіміне жұмыс күндері ғана емес, сонымен қатар демалыс және мереке күндері де кіреді.
Көп жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ең көбі 60 күнтізбелік күнге беріледі.
Дегенмен, ерекше жағдайлар бар. Ұзағырақ мерзімдер мына жағдайларда қарастырылған:
- жүктілік және босану кезінде;
- Денсаулық сақтау министрлігі арнайы тізбесін бекіткен жекелеген аурулар кезінде.
Ауру ұзаққа созылса не болады?
Кейде денсаулықты қалпына келтіру бастапқыда жоспарланғаннан әлдеқайда көп уақытты алады. Мұндай жағдайда медициналық ұйым еңбекке жарамсыздық парағын ұзартуға құқылы.
"Егер ауру ауыр немесе созылмалы сипатта болса, мәселені дәрігерлік-консультациялық комиссия қарайды", - деп нақтылады Еңбекмин.
Жекелеген жағдайларда, егер тиісті медициналық көрсеткіштер болса, комиссия мүгедектікті анықтау үшін пациентті медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Бұл автоматты түрде мүгедектік беріледі дегенді білдірмейді. Сараптама тек адамның денсаулық жағдайын бағалайды және еңбекке жарамсыздық қаншалықты тұрақты екенін анықтайды.
Ауырған баланы күтуге арналған еңбекке жарамсыздық парағы
Қызметкердің баласы ауырған жағдайда бөлек ережелер қолданылады. Бұл жағдайда еңбекке жарамсыздық парағы іс жүзінде күтім жасап отырған ересек адамдардың біріне ресімделеді.
Оны мына адамдар ала алады:
- анасы;
- әкесі;
- қамқоршысы;
- басқа да заңды өкілі;
- балаға күтім жасап жүрген жақын туысы.
Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Әдетте, мұндай еңбекке жарамсыздық парағы ең көбі 10 күнтізбелік күнге беріледі.
Алайда, егер бала стационарда емделіп жатса, оның ұзақтығы әлдеқайда көп болуы мүмкін. Мысалы, еңбекке жарамсыздық парағы ауруханада жатқан бүкіл кезеңге мына жағдайларда ресімделеді:
- егер бала әлі бес жасқа толмаған болса;
- егер баланың мүгедектігі болса;
- егер бес жастан асқан ауыр науқас балаға тұрақты күтім қажет болса;
- егер бала Қазақстанның басқа өңіріне немесе елден тыс жерге емделуге жіберілсе.
Стационардан шыққаннан кейін, қажет болған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйым баланы күтуді жалғастыру үшін еңбекке жарамсыздық парағын ресімдей алады.
Еңбекке жарамсыздық парағын кім төлейді және төлем қалай есептеледі?
Еңбекмин мәліметінше, Қазақстанда уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақыны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді. Төлем мөлшері қызметкердің табысына және еңбекке жарамсыздық кезеңінің ұзақтығына байланысты болады.
"Жәрдемақы сомасы орташа күндік табысты уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің санына көбейту арқылы анықталады", - деп түсіндірді Еңбекминдегілер.
Мынаны түсіну маңызды: еңбекке жарамсыздық парағы күнтізбелік кезеңге ресімделіп, демалыс пен мереке күндерін қамтыса да, төлемді есептеу кезінде тек жұмыс күндері ескеріледі.
Еңбекке жарамсыздық парағын есептеу үшін орташа табыс қалай анықталады?
Орташа күндік табысты есептеу үшін қызметкердің соңғы 12 айдағы табысы туралы мәліметтер алынады.
Егер қызметкер ұйымда бір жылдан аз уақыт жұмыс істесе, орташа жалақы іс жүзінде жұмыс істеген уақыты үшін анықталады.
Есептеу кезінде мыналар ескеріледі:
- есептелген жалақы;
- тұрақты қосымша төлемдер мен үстемеақылар;
- еңбекақы төлеу жүйесінде қарастырылған және тұрақты сипаттағы сыйлықақылар мен басқа да ынталандырушы төлемдер.
Орташа жалақыны есептеу бес күндік те, алты күндік те жұмыс аптасында іс жүзінде жұмыс істеген уақытқа негізделіп жүргізіледі.
Жәрдемақы қай күннен бастап төленеді?
Елдің Еңбек кодексіне сәйкес, әлеуметтік жәрдемақы қызметкерге уақытша еңбекке жарамсыздығының бірінші күнінен бастап, еңбекке қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе заңнамаға сәйкес мүгедектік белгіленгенге дейін есептеледі.
"Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы еңбекке жарамсыздық парағы негізінде тағайындалады және оны жұмыс беруші жалақы төлеу үшін белгіленген мерзімде төлейді", - деп түсіндірді Еңбек министрлігіндегілер.
Төлемнің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартпен айқындалады.
Егер жұмыс беруші төлем мерзімін бұзса, ол заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады.
2026 жылы еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақының ең жоғары мөлшері
Иә, заңнамада жәрдемақының ең жоғары мөлшері белгіленген.
"Бір ай үшін төленетін уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері тиісті жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 25 еселенген шамасынан аспауға тиіс", - деп хабарлады министрлік.
2026 жылы бір АЕК мөлшері 4 325 теңге болады. Бұл дегеніміз, бір айдағы еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақының ең жоғары мөлшері 108 125 теңге болуы мүмкін.
Бұл шектеу жұмыскерлердің басым бөлігіне қатысты қолданылады, бірақ ерекшеліктер де бар. Олар келесі санаттар үшін қарастырылған:
- еңбек жарақатын алған жұмыскерлер;
- кәсіптік ауруы бар жұмыскерлер;
- жұмыс істейтін Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- жеңілдіктер бойынша соларға теңестірілген ардагерлер;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлері;
- дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің жекелеген санаттары.
Осылайша, еңбекке жарамсыздық бойынша төлемнің қорытынды сомасы нақты адамның табысына, ауырған жұмыс күндерінің санына және заңмен белгіленген шектеулерге байланысты болады.
Қандай жағдайларда еңбекке жарамсыздық парағы төленбейді?
Уақытша еңбекке жарамсыздық парағының болуы барлық жағдайда жәрдемақы алуды білдірмейді. Еңбек кодексінде төлем жасалмайтын жағдайлар қарастырылған:
- егер ауру немесе өндірістік жарақат алкогольді, есірткі заттарды, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын немесе прекурсорларын тұтыну салдарынан болса;
- егер уақытша еңбекке жарамсыздық қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақат салдарынан болса және жұмыскердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталса;
- психикалық ауруларға байланысты жағдайларды қоспағанда, сот шешімі бойынша мәжбүрлеп емдеу кезеңінде;
- жұмыскер қамауда болған және сот-медициналық сараптама жүргізілген уақытта, егер оның кінәсі сотпен анықталса;
- ауырған күндері ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысымен сәйкес келсе;
- жалақысы сақталмайтын демалыс кезіндегі уақытша еңбекке жарамсыздық күндері үшін;
- бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңіндегі ауырған күндері үшін.
Яғни, төлемді есептеу кезінде тек ауру дерегі мен еңбекке жарамсыздық парағының болуы ғана емес, сонымен қатар еңбекке жарамсыздықтың туындау мән-жайлары да ескеріледі.
Еңбекке жарамсыздық кезінде жұмыстан шығаруға бола ма?
Жалпы ережелерге сәйкес, қызметкерді уақытша еңбекке жарамсыз кезеңінде жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға жол берілмейді.
Дегенмен, Еңбек кодексінде ерекше жағдайлар қарастырылған. Еңбек шартын бұзу, мысалы, келесі жағдайларда мүмкін:
- жұмыс беруші - заңды тұлға таратылғанда;
- жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда;
- жұмыскер жүктілігі және босануы бойынша демалыста болған немесе ауруы еңбекке жарамсыздығының неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне кіретін жағдайларды қоспағанда, уақытша еңбекке жарамсыздығы салдарынан екі айдан аса уақыт бойы жұмыста болмағанда;
- ұйым басшылары тарапынан жұмыс берушіге материалдық нұқсан келтірген жекелеген заңбұзушылықтар болғанда.
Қорытындылай келе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекке жарамсыздық парағын ресімдеуде мәселе туындамас үшін медициналық көмекке дер кезінде жүгіну, құжаттарды дұрыс толтыру және оларды жұмыс берушіге уақтылы өткізу маңызды екенін еске салды. Бұл еңбек құқықтарын қорғауға және төлем алу кезіндегі даулардың алдын алуға көмектеседі.
Авторы: Светлана Антонова
Аударған: Дина Шәріпхан