Алматыда 28 сәуірден бастап алғашқы төмен шығарындылар аймағы (Low Emission Zone – LEZ) пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Қала әкімдігі жобаның қалай жұмыс істейтінін және шектеулердің кімдерге қатысты болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Не болды?
Қазақстандағы алғашқы экоаймақ мына көшелердің шаршысын қамтыды: Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай, Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Желтоқсан көшесінен шығысқа қарай және Достық даңғылынан батысқа қарай.
Жүйе операторы – "Алматы Паркинг".
Экология және қоршаған орта басқармасы мәліметінше, әзірге жоба тест режимінде жұмыс істеп тұр.
"Жүргізушілер үшін қозғалысты шектеу, айыппұлдар немесе кіру ақысы қарастырылмаған. Аталған учаскелерде көлік қозғалысы штаттық режимде жүзеге асырылады", – деп хабарлады ведомство.
Жүргізушілерді не күтеді?
Басқарма мәліметінше, пилоттық жобаның басты мақсаты – деректер жинау және цифрлық инфрақұрылымды тексеру. Ведомство мамандарға көлік ағынының ауа сапасына әсерінің шынайы көрінісін көру қажет екенін түсіндірді.
Техникалық кезең аясында мыналар жоспарланған:
- Техниканы тексеру: мамандар түрлі ауа райы мен көлік жағдайларында ақылды камералардың, радарлық сенсорлардың және көлікті автоматты түрде тану жүйелерінің жұмысын сынайды;
- Деректерді синхрондау: ауа сапасы датчиктерінің көрсеткіштері көлік ағынының тығыздығымен байланыстырылады;
- Платформа құру: IT-қызметтер, экологтар мен трафик бойынша мамандар арасында деректер беру арналарын пысықтау.
"Әңгіме көлік иелерін шектеу туралы емес, біз технологияның өзін сынап көргіміз келеді. Датчиктердің ақпаратты қаншалықты дұрыс жинайтынын, жүйелердің деректермен қаншалықты жылдам алмасатынын және инфрақұрылымның дайындығын тексермекпіз. Біз болжамдарға емес, нақты деректерге сүйене отырып, болашақта қаламыздың ауасын тазартуға көмектесетін сенімді цифрлық іргетас қалап жатырмыз", – деп түсіндірді басқармадағылар.
Тест кезең 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
Контекст: LEZ деген не және ол Алматыға не үшін қажет?
2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы мәслихаты "Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын" бекітті. Құжат төрт бағытты қамтиды:
- автомобиль көлігіне қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
- III санаттағы стационарлық нысандарға қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
- мониторинг жүргізу және заңбұзушылықтарды анықтау;
- шығарындылар деңгейі төмен аймақты (Low Emission Zone, LEZ) ұйымдастыру.
Бұған дейін қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев LEZ аймақтарында тек экологиялық нормаларға сәйкес келетін автомобильдер ғана жүре алатынын мәлімдеген болатын (Евро-5-тен төмен емес деп атап өтілді). Ережені бұзғандар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бұл ретте Сматлаев 2026 жылы Алматыға ақылы кіру жүйесі енгізілмейтініне сендірді. Бұл норманы енгізу үшін Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу қажет.