Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) Иорданиядағы АҚШ әуе базасына зымырандар мен дрондар арқылы сәтті соққы жасалғанын хабарлады, сондай-ақ Бахрейндегі бірқатар нысан, соның ішінде америкалық әскерилердің операцияларды басқару және бақылау орталығы зақымдалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РБК басылымына сілтеме жасап.
ИРСК мәлімдемесіне сәйкес, Иорданиядағы ханзада Хасан әуе базасында бірнеше ірі зымыран қоймасы мен жанармай бактары өртеніп жатыр.
"ИРСК... Шейх-Исадағы америкалық базада тікұшақтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша маңызды орталықтарды, P-8 радиоэлектронды күрес ұшақтарына арналған ангарды және ұшқышсыз аппараттардың көмегімен АҚШ әскерилерінің операцияларын басқару және бақылау орталығын жойды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға қарсы соққылардың жаңа толқыны аяқталғанын жариялады. CENTCOM Иранның бірнеше ауданындағы ондаған нысананың көзі жойылғанын нақтылады.
"CENTCOM күштері америкалық жойғыш ұшақтарды, әскери кемелерді, соққы жасаушы камикадзе-дрондарды және алғаш рет теңіз камикадзе-дрондарын қолдана отырып, Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, жағалаудағы радиолокациялық станцияларына, ұшқышсыз аппараттарына, сондай-ақ шағын кемелеріне соққы жасады", - деп хабарлады қолбасшылық.
CENTCOM қазіргі уақытта Иранның Ормуз бұғазын бақылап отырмағанын тағы да атап өтті.
— АҚШ Орталық қолбасшылығы (@CENTCOM) 13 шілде, 2026
Еске сала кетейік, бірнеше сағат бұрын Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы соққылардың жаңа сериясын бастаған болатын. АҚШ лидері Дональд Трамп бұл соққыларды "Иран күштерін жауапқа тарту үшін" жасауға бұйрық бергені көрсетілген.
Иранның мемлекеттік БАҚ-тары АҚШ елдің орталық және батыс аудандарына, соның ішінде Ормуз бұғазынан алыс орналасқан аумақтарға шабуыл жасағанын хабарлады. БАҚ мәліметінше, Махшехр қаласына жасалған соққылардың салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төртеуі жараланған. Снаряд қалалық сорғы станциясына түсіп, нысанның күзетшісі мерт болды.
Тағы оқыңыз: “Зардабы ауыр“. БҰҰ бас хатшысы Иран мен АҚШ-қа үндеу жасады