31 мамыр 2022 10:29

Зейнет жасы неліктен одан әрі өсіп отыруы керек? Еңбекмин түсіндірді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото:elements.envato.com Фото:elements.envato.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері әйелдер үшін зейнет жасының одан әрі өсіп отыруына не себеп екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері әйелдер үшін зейнет жасының одан әрі өсіп отыруына не себеп екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Елде зейнет жасын төмендету мүмкіндігі туралы ресми сауалға берілген жауапта бүгінде елде ерлер зейнетке 63 жаста, әйелдер 60,5 жаста шығатынын атап өтті. Ведомство мәліметінше, ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын мұндай біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, әйелдердің зейнетақы мөлшерінің барабарлығын қамтамасыз ету үшін қажет. Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді және зейнетақы төлемдері әрбір деңгейде еңбек өтіліне байланысты.

Әйелдер мен ерлер БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетке тиісті жастан ерте шыға алады. Ол үшін зейнетақы аннуитетін - зейнетақы жасына жеткенге дейін төлем жасау құқығын пайдалануға болады. Биыл 1 қаңтардан бастап азаматтар мұндай төлемдерге 45 жастан бастап өтініш бере алады. Бұл ретте ерлер зейнетақы алуды 55 жастан, әйелдер - 52,5 жастан бастай алады. Зиян өндірістерде жұмыс істейтін адамдар 50 жастан бастап зейнетақы ала бастайды.

"Осыған байланысты, сондай-ақ, ай сайынғы аннуитеттік төлемдердің ең төменгі мөлшерінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін төмендеуімен (бұрын аннуитеттік төлемдер ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болмауы тиіс еді) зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасу БЖЗҚ салымшыларының көпшілігі үшін қолжетімді болды", - деді министрлік өкілдері.

Министрлікте зейнетақы жасын есептеу кезінде қоғамның демографиялық және экономикалық ерекшеліктері ескерілетіні айтылды. Дамыған және дамушы елдерде адамдардың қартаюы байқалады. Вице-министр Ерлан Оспановтың айтуынша, бұл Қазақстанға да байланысты. БҰҰ болжамдары бойынша, Қазақстанда халық саны 2050 жылы 24,7 миллион адамға дейін артады. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, елде 65 жастан асқандардың үлесі шамамен екі есе артқаны байқалады. БҰҰ жас шкаласы бойынша Қазақстан халқы қарт саналады.

"Халықтың қартаюына байланысты зейнетақымен қамсыздандыруды қаржыландыру көзі - қызметкердің, жұмыс берушінің есебінен салықтарды немесе міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемеcін көтеру. Қазір әлем елдері халықтың қартаю процесін ескеріп, зейнет жасын көтеруге тырысып жатыр", - деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Оспанов.

Мысал ретінде министрлік өкілі зейнетақы жасы біздің елге қарағанда бұрын да жоғары болған Еуропа елдерін, сондай-ақ, көршілес елдер ішінде Ресейде 2028 жылға дейін зейнетақы жасы бес жылға өсетінін, Әзербайжанда зейнетақы жасы 60-тан 65 жасқа дейін өсетінін келтірді. Сонымен қатар, қазір елде белгіленген зейнетақы жасы халықаралық тәжірибеге және әлемде қалыптасқан экономикалық, демографиялық жағдайға сәйкес келетіні айтылды.

Егер әйелдер үшін зейнетке шығу жасы дәл қазір 58 жасқа дейін қысқаратын болса, онда 2022 жылы қорда шоттары бар 263 956 әйел зейнетке шыға алар еді. БЖЗҚ өкілдері зейнетақы жасы қысқарған жағдайда жыл сайынғы зейнетақы төлемдерінің сомасы қаншалықты ұлғаятынын болжау қиын екенін жеткізді.

Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында шамамен 13 триллион теңге болатын жинақ бар. Былтыр БЖЗҚ салымшыларының шоттарына жалпы көлемі 1,3 триллион теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті. Соның өзінде былтыр қордан төленетін зейнетақы төлемдерінің сомасы 207,8 миллиард теңге болды.

Сонымен қатар, БЖЗҚ-да нақты кезеңдегі төлемдер түсімдердің көлеміне байланысты емес екені айтылды, себебі нақты салымшыға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер оның жеке зейнетақы шотындағы еңбек қызметі барысында қалыптастырылған зейнетақы жинақтары сомасының мөлшерінен жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, БЖЗҚ өкілдері зейнетақы жинақтарын пайдалану бағдарламасы барысында шоттардан сома алынса да, әйелдердің зейнетақы жасы төмендесе де, қорда қаражат тапшылығы болмайтынын айтты. Олар осы бағдарламаны пайдаланған адамдардың зейнетақы төлеу сомасына ғана әсер етеді. Болашақта олар жинақтарын пайдаланбаған салымшыларға қарағанда азырақ зейнетақы алады.

Бұған дейін Қазақстанда зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін талқылау жоспарланған еді. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселені жыл соңына дейін талқылау жоспарланғанын айтты.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети