Астана, Алматы және Шымкентте жол жүрісі қағидаларын (ЖЖҚ) өрескел бұзатындарды жүргізуші куәлігінен айыруға мүмкіндік беретін жаңа балдық жүйе тестілеуден өтіп жатыр. Tengri Auto тілшісі жобаның егжей-тегжейін анықтады.
Әр ереже бұзғаны үшін 1-ден 3 балға дейін
ІІМ мәліметінше, ЖЖҚ бұзғаны үшін жүргізушілерге әкімшілік айыппұлмен қатар балдар есептеледі. Балдарды есептеу үшін ереже бұзу туралы мәліметтер Бас прокуратура сервисі - әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінен түсіп отырады.
Жүргізуші бір күнтізбелік жыл ішінде 20 балға жеткен бойда, ол бір жылға көлік басқару құқығынан айырылады, куәлікті мерзімінен бұрын қайтару мүмкін емес. Бұл ретте жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды қайта тапсырудың қажеті жоқ.
Жүргізушілер әрбір ереже бұзудың ауырлығына қарай 1-ден 3 балға дейін алады. ІІМ әзірге нақты градацияны жариялаған жоқ.
Бұған дейін балдар қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ғана есептелетіні айтылған болатын. Бұл жүргізушілердің шешімге шағымдануға мүмкіндігі болатынын білдіреді.
Айта кетерлігі, мұндай механизм әлі куәлігі жоқ адамдар үшін де қарастырылған. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында, егер жаяу жүргінші немесе қозғалыстың өзге де қатысушысы 20 балл жинаса, оған жарты жыл бойы жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынатынын айтты.
Маңызды: әзірге бұл тек пилоттық жоба, басты міндет - жаңа жүйені техникалық тұрғыдан сынап көру. Ол сынақтан өтіп, заңға тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін ғана толыққанды жұмыс істей бастайды.
Қазір жүргізушілер ережені бұзу мүмкіндігін "сатып алып" жүр
Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, мұндай жүйе 30-40 айыппұлы болса да, түбіртектерді төлеп, ереже бұзуды жалғастыра беретін жүйелі ереже бұзушылармен күресуге шынымен көмектесе алады. Сарапшы тек айыппұлмен жағдайды өзгерту мүмкін емес екеніне сенімді, өйткені көптеген жүргізуші ақша төлеуге дайын, бірақ көлік жүргізу дағдыларын өзгерткісі келмейді.
Бұл ретте сарапшы бұған дейін осындай ұсыныс жасағанын айтты. Оның идеясы "кері" есептеу болған - әр жүргізушіге жылына 100 балл беріледі де, ереже бұзудың ауырлығына қарай осы мөлшерден балдар шегеріліп отырады.
"Мәселен, егер ол тыйым салатын белгінің астына тоқтаса, бұл жеңіл ереже бұзу. Онда минус 10 балл. Егер бағдаршамның қызыл түсіне өтсе, бұл қазірдің өзінде ауыр ереже бұзу. Онда минус 20. Егер ол апатты жағдай туғызса немесе ЖКО-ға түссе, онда ауырлығына қарай жаза да өзгереді", - деді Алексеев.
Сондай-ақ Алексеев жүргізушу куәлгінен айыру мәселесінде неғұрлым икемді шешім қажет деп санайды, ол жүргізуші сабасына түсуі үшін алдымен куәлікті бір айға тартып алып, қайталап бұзған жағдайда ғана мерзімді ұзартуды ұсынады.
"Жүйе жазалаушы емес, тәрбиелеуші сипатта болуы тиіс", - деп түйіндеді ол.
Тағы оқыңыз: Айыппұл автоматты түрде рәсімделеді: Астанада тұрақтарды жаңаша бақылау басталды