Қандай жүргізушілер бірден патрульдер назарын аударады: полиция пікірі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қандай жүргізушілер бірден патрульдер назарын аударады: полиция пікірі Фото:depositphotos.com

Қала жолдарында инспекторлар заңбұзушыларды патруль көзінше ереже бұзбай тұрып-ақ жиі байқап қояды. Кейде қызметкерлердің назарын жылдамдық немесе қауіпті маневр емес, жүргізушінің іс-әрекеті аударады: тым шұғыл жолақ ауыстыру, оғаш сақтық немесе полиция көлігін көргендегі мазасыздық.


Қала жолдарында инспекторлар заңбұзушыларды патруль көзінше ереже бұзбай тұрып-ақ жиі байқап қояды. Кейде қызметкерлердің назарын жылдамдық немесе қауіпті маневр емес, жүргізушінің іс-әрекеті аударады: тым шұғыл жолақ ауыстыру, оғаш сақтық немесе полиция көлігін көргендегі мазасыздық.

Tengri Auto патрульдік полиция инспекторымен тілдесіп, қызметкерлердің патрульдеу кезінде қандай нәрсеге мән беретінін және тәжірибе күдікті жүргізушілерді ағын ішінде қалай "анықтауға" көмектесетінін білді.

Көлік қашан ерекшелене бастайды

Инспектордың айтуынша, тәжірибелі қызметкер тек бір ғана факторға сирек назар аударады. Әдетте бірнеше ұсақ-түйек бірден күдік тудырады.

Мысалы, автокөлік тұрақсыз қозғалуы мүмкін: жолақ ішінде "сенделу", шұғыл тежеу немесе себепсіз тым жиі жолақ ауыстыру. Кейде керісінше жағдай да назар аудартады - жүргізуші жақын маңдағы патрульді байқап қалып, кенеттен "тым мінсіз" жүре бастағанда.

"Біз жалпы көрініске қараймыз: көліктің ағын ішінде өзін қалай ұстауы, жүргізушінің жолақ ауыстыруы, қашықтықты сақтауы, жол жағдайына қалай әрекет ететіні маңызды", - деп түсіндірді инспектор.

Оның сөзінше, қызметкерлер патруль жанындағы жүргізушілердің әрекетіне ерекше көңіл бөледі. Кейбіреулері жылдамдықты күрт азайта бастайды, рульді екі қолдап қапсыра ұстайды немесе экипаж жаққа қарамауға тырысады - дәл осындай шұғыл әрі табиғи емес реакциялар көбіне полицияның назарын аударады.

Мас күйдегі жүргізушілер өздерін қалай ұстайды?

Инспектор мас күйдегі жүргізушілерде ұқсас белгілер жиі қайталанатынын айтады. Көлік сенімсіз қозғалуы, жолақ ішінде "жүзуі" немесе, керісінше, айқын себепсіз жылдамдықты күрт арттырып, тежеуі мүмкін.

Тағы бір жиі кездесетін белгі - жол жағдайына кешігіп реакция білдіру. Мысалы, жүргізуші бағдаршамға, көлік ағынына немесе басқа көліктердің жолақ ауыстыруына тым кеш әрекет етеді.

Бұл ретте қызметкерлердің өздері тек күдіктің жеткіліксіз екенін атап өтеді. Тексеру әрқашан белгіленген рәсімдер бойынша және сертификатталған құралдарды қолдану арқылы жүргізіледі.

Тәжірибе технологияға қарсы

Бүгінде инспекторлар жұмысының бір бөлігін цифрлық жүйелер атқарады. Жолдарда автоматты тіркеу камералары мен дрондар жұмыс істеп тұр.

Жүйе көліктің іздеуде екенін, шектеулері бар екенін немесе борышкерге тиесілі екенін көрсете алады. Осыдан кейін ақпарат жақын маңдағы экипаждарға беріледі.

Алайда қызметкерлердің өздері технология көмектескенімен, адамның қырағылығын әзірге толық алмастыра алмайтынын мойындайды.

"Уақыт өте келе кәсіби қырағылық қалыптасады. Кейбір нәрселерді автоматты түрде байқай бастайсың: адамның рульде өзін қалай ұстауы, патрульге қалай әсер беруі, жолақ ауыстыруы немесе жылдамдықты сақтауы. Тәжірибе жалпы ағыннан оғаш көрінетін көліктерге тез назар аударуға көмектеседі", - деді инспектор.

Жүргізушілерді не нәрсе көбірек әшкерелейді?

Инспектордың айтуынша, жүргізуші куәлігінің жоқтығын немесе мас күйін жасыруға тырысатын жүргізушілер көбіне өздеріне назар аудартып алады.

Кейбіреулер тым мазасыз бола бастайды. Басқалары, керісінше, тым байсалды көрінуге тырысады. Кейбірі бағытын шұғыл өзгертеді немесе патрульдік көліктен алыс жүруге тырысады.

Кейде әдеттегі профилактикалық тоқтату неғұрлым ауыр бұзушылықтарды анықтаумен аяқталады. Тексеру кезінде қызметкерлер шектеулердің бар-жоғын, төленбеген айыппұлдарды немесе адамның іздеуде жүргенін анықтай алады.

Сонымен қатар инспектор қарапайым күндері құжат тексеру үшін көліктерді себепсіз тоқтатпайтынын айтты. Рейдтер мен күшейту шаралары бұған жатпайды.

Неліктен жолдағы тәжірибе көп нәрсені шешеді?

Инспектордың айтуынша, қызметкерлерге негізгі дағдылар дайындық және тағылымдама кезінде үйретіледі. Алайда жол ағынын шынайы түсіну тек жылдар бойғы қызметтен кейін келеді.

"Түйсік - бұл тәжірибе мен тұрақты практиканың нәтижесі. Уақыт өте келе қарапайым адам байқамайтын бөлшектерге автоматты түрде мән бере бастайсың", - деп түсіндірді ол.

Қызметкерлердің айтуынша, уақыт өте келе осындай ұсақ-түйектен жол ағынын "оқу" және басқалардан өзгеше көліктерді жылдам байқау қабілеті қалыптасады. Көбіне бұл заңбұзушыларды олар қауіпті маневр жасамай немесе апаттық жағдай туғызбай тұрып анықтауға көмектеседі.

TengriAuto