Hyundai Auto Kazakhstan компаниясы Tucson NX4 FL маркалы көліктің кейбір иелеріне жүйенің бағдарламалық жасақтамасын жаңарту қажет екенін жеткізді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Еске сала кетейік, АҚШ-та 420 мыңнан астам Hyundai автомобилі кері қайтарылып жатыр, бұған тежегіштің кенет іске қосылуына әкеп соғуы мүмкін бағдарламалық жасақтамадағы қателік себеп болған.
Бұған дейін жергілікті өкілдер Қазақстан Республикасы аумағында бұл сервистік науқан ресми түрде жарияланбағанын хабарлаған болатын.
Дегенмен, 25 мамырда компания Hyundai Motor Company-ден Қазақстан аумағында сатылған кейбір Tucson NX4 FL автомобильдеріне арналған сервистік науқан басталғаны туралы хабарлама алды.
Өкілдік мәліметінше, бұл науқан алдын алу сипатында және ол алдыңғы жақтан соқтығысудың алдын алу жүйесінің (FCA) бағдарламалық жасақтамасын жаңартуды көздейді.
Іс жүзінде: аталған модельдегі көліктердің тежегіш жүйесінде ешқандай ақау жоқ, бірақ жаңарту жекелеген жол сценарийлерінде ассистенттің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет.
"Hyundai Motor Company мәліметтері бойынша, Қазақстанда сервистік науқанға 388 автомобиль Tucson NX4 FL ілігеді. Қазақстанда көлік иелерінен FCA жүйесінің жұмысына қатысты шағымдар немесе оқыс оқиғалар тіркелген жоқ, бұл науқан профилактикалық қызмет көрсетудің стандартты халықаралық тәжірибесі аясында өткізіліп жатыр", — дейді Hyundai Auto Kazakhstan директоры Марат Смағұлов.
Жүйені қайда жаңартуға болады?
26 мамырдан бастап ресми дилерлер автокөлігі сервистік науқанға ілігетін жүргізушілерге диагностика жасау және бағдарламалық жасақтаманы жаңарту үшін дилерлік орталыққа келу қажеттігі туралы хабарлап жатыр. Жұмыс тегін жүргізіледі және 20 минуттан жоғары уақыт алады.
Сондай-ақ компания өкілдері Tucson NX4 FL иелері сұрақ туындаған жағдайда немесе көлігінің сервистік науқанға іліккен-ілікпегенін тексеру үшін байланыс орталығына немесе қызмет көрсету орны бойынша ресми дилерге хабарласуына болатынын айтады.