Алматы әуежайының Майлин көшесі жағындағы негізгі кіреберіс аймағы жөндеуге жабылды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Жүргізушілер үшін Ахметов көшесі бойындағы "Ақсұңқар" қонақүйі жағынан 3 кіреберіс ашық, ал шығу жолы негізгі шығаберіс аймағы арқылы жүзеге асырылады.

"Бұл өзгерістер негізгі кіреберіс аумағындағы құрылыс жұмыстарына байланысты инфрақұрылымды жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүргізіліп жатыр", - деп атап өтті әуежайдың баспасөз қызметі.
Жолаушылардан әуежайға баратын кезде уақытын алдын ала жоспарлау сұралды, себебі қарбалас уақытта кептеліс туындауы мүмкін. Сонымен қатар жүргізушілерге көліктерін әуежайдың негізгі және шығаберіс жолдарына қалдырмау жөнінде өтініш айтылды.
Бұған дейін Алматыдағы үш көшеде бір жақты қозғалыс енгізілгені хабарланған болатын.
Тағы оқыңыз: Алматыда бірнеше көшеге біржақты қозғалыс енгізіледі: тізім