15 қаңтар 2020 09:30

Жамбыл облысында қасқырлар қорадағы төрт түлікке шабуыл жасай бастаған

Көрнекі сурет © pixabay.com Көрнекі сурет © pixabay.com

Жамбыл облысында ашыққан жыртқыштар қорадағы төрт түлікке шабуыл жасай бастаған, - деп хабарлайды "Хабар 24".


Жамбыл облысында ашыққан жыртқыштар қорадағы төрт түлікке шабуыл жасай бастаған, - деп хабарлайды "Хабар 24".

Телеарна мәліметінше, жергілікті шаруалар төрт түлікті қырған қасқырлармен күресуге дәрменсіз. Себебі қасқырды өз бетімен атуға рұқсат жоқ екен. Қорасын қорып, қорқынышта отырған малшылар енді жергілікті биліктен көмек сұраған.

Қасқырдан қорлық көріп отырған шаруалардың бірі - Нұрбақыт Сейітқали. Қыс түскелі оның қорасына жыртқыш бірнеше рет шабуыл жасап, 15 шақты қойын жеп кеткен екен. Қазір кезекпен ұйықтап, түнімен қора күзетеді.

"Енді амал жоқ, талап кетеді. Одан кейін сойып аламыз, басқа ештеңе істемейміз оған. Қоя бергеннің өзі болмайды. Сойып аламыз қазір. Шықпағанда бәрін қырып кету керек еді. Қора жабық айнала, қашып кете алмайды малдар. Тамақтап, бауыздап кете береді. Кейбіреулері арқасына салып алып кетеді", - дейді шаруа Нұрбақыт Сейітқали.

Жуырда Талас ауданындағы Майтөбе ауылының маңында бірнеше жылқы ит-құсқа жем болған екен.

"Билікөл деген көліміз бар. Мұз қатқанда мына таудан келеді, әсіресе. Содан кейін Билікөлдің арғы жағында фазенда бар. Қыркүйекте 60 бас малын қырып кетті. Осылай келеді де өлді дегенде 15 бастай, кеше біреуін тамақтап кетті. Бағана құйрығын жұлып кетті. Оны мал болатын шығар десек, болмайды, аяғын сындырып кеткен", - дейді Өрнек ауылының тұрғыны Сәрсекүл Стамбекова. 

Ал мамандардың айтуынша, қораға түскен қасқырды атуға болады. Тек арнайы жұмыс тобы ол деректі тіркеуі тиіс екен. Жақында қасқыр санын реттеу үшін комиссия құрылып, атуға рұқсат берілген. Қазір өңірді мекен ететін аңның 40 пайызын атуға рұқсат бар.

"Биыл қасқырдың шаруашылық малдарына шабуылы көбейгеніне байланысты республика деңгейінде осы мәселе көтеріліп жатыр. Бұл бойынша жұмыс тобы құрылған. Жергілікті атқарушы орган бар, инспекция бар, мамандар қасқыр шабуылының алдын алу үшін жиналыс жасап жүрміз", - дейді жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Болат Асанбеков.

Телеарна мәліметінше, биыл санақ бойынша, аймақтағы қасқырлардың саны екі мыңға жуық деп есептелген. Мамандар енді жыртқыш шектен тыс көбейіп кеткен елді мекендерді анықтайды.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети