Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында бірнеше бала "Юность" стадионының трибунасын қиратты. Полиция вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видео
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода қаланың кішкентай тұрғындары стадиондағы пластик орындықтарды бар күшімен сындырып жатқаны бейнеленген.
Кадрлардан үш баланы көруге болады, олардың екеуі трибунаны қиратып жатыр.
Полиция не дейді?
Видеоға полиция назар аударды. Тәртіп сақшылары құқықбұзушыларды анықтап, ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізді.
"Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған екі баланы анықтады. Ата-аналарының қатысуымен жасөспірімдермен профилактикалық сипаттағы түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деп хабарлады ведомство.
Полиция вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Бұдан бөлек, ата-аналарына қатысты бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ олар стадионға келтірілген материалдық шығынды өтеуі тиіс.
Бұған дейін Маңғыстау облысында вандал 25 тәулікке қамауға алынған болатын, ол Ыбықты сай шатқалындағы жартасқа өз есімі мен көлік нөмірін жазып кеткен. Ол 2005 жылы туған ер адам болып шықты. Алдымен оған шатқалдағы жазуларды өшірткізіп, ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартты.