Қытай ғалымдары брокколи құрамындағы заттардың лейцин аминқышқылымен үйлесімі жас ұлғая келе бұлшықет массасының жоғалуын бәсеңдететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Nutrients басылымында жарияланды, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі "Газета.Ru" сайтына сілтеме жасап.
Қытай ғалымдары брокколи құрамындағы заттардың лейцин аминқышқылымен үйлесімі жас ұлғая келе бұлшықет массасының жоғалуын бәсеңдететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Nutrients басылымында жарияланды, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі "Газета.Ru" сайтына сілтеме жасап.
Ғылыми жұмыс егде жастағы әлсіздік пен қозғалыс белсенділігінің төмендеуінің негізгі себептерінің бірі болып саналатын саркопенияға - бұлшықет массасы мен күшінің жасқа байланысты азаюына арналды. Тәжірибе барысында ғалымдар сегіз апта бойы тышқандарға брокколиден бөлінген пептидтерді, лейцинді немесе осы заттардың комбинациясын берді.
Адам мен жануарлар ағзасында лейцин пептидтік тізбектерге еніп, бұлшықет, тері және ішкі мүшелердің құрылымын қалыптастырады. Сондай-ақ ол инсулин секрециясын ынталандырады, жаралардың жазылуын және микрожарақаттардан кейін тіндердің қалпына келуін тездетеді, сонымен қатар патогендерді бейтараптандыратын ақуыздар - антиденелердің түзілуіне қатысады.
Тәжірибеде ең жақсы нәтижені брокколи мен лейцинді бірге қолдану көрсетті. Мұндай комбинацияны қабылдаған жануарлардың бұлшықет массасы көбірек сақталып, ұстау күші мен төзімділігі артты, сондай-ақ басқа топтармен салыстырғанда физикалық жүктемелерге төзімділігі жақсарды.
Тіндерді талдау брокколи мен лейцин үйлесімі бұлшықет атрофиясының белгілерін азайтып қана қоймай, бұлшықет талшықтарының өсуі мен қалпына келуіне жауапты гендерді белсендіретінін көрсетті. Сонымен қатар тышқандарда қабыну процестері мен бұлшықеттің бұзылуын тудыратын механизмдердің белсенділігі төмендеген.
Зерттеу авторлары брокколи қосылыстары мен лейцин үйлесімі егде жаста бұлшықет жоғалуының алдын алу және физикалық белсенділікті қолдау үшін жаңа тағамдық тәсілдердің негізі бола алады деп есептейді. Әзірге нәтижелер тек жануарларға жүргізілген зерттеулер арқылы алынған, дегенмен олар қарапайым тағам компоненттері бұлшықет тінінің қартаю процестеріне әсер ете алатынын көрсетеді.
Пікірлерді оқу