14 қазан 2015 15:33

Ақорда Назарбаевтың үш ғарышкермен түскен тарихи суретін жариялады

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Akorda.kz © Akorda.kz

Ақордада қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Оған "Халық қаһарманы" атағы берілді.


Ақордада қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Оған "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Қазақстан Президенті бір ай бұрын қазақстандық ғарышкердің халықаралық экипаждың құрамында ғарыш станциясына 10 күндік сапармен барып қайтқанын айтты.

"Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Мен еліміздің бағындырған жаңа жетістігімен бүкіл халқымызды құттықтаймын. Біздің қазіргі заманғы тарихымыздағы осы ұлы оқиғаға кәсіби тұрғыдан үлесін қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Ресейлік серіктестер мен басшыларға, сондай-ақ экспедицияның шетелдік мүшелеріне айрықша ризашылық білдіремін", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ғарышты игеру әрқашан адамзаттың ең аңсарлы арманының бірі болғанын атап өтті. "Бүгінде бұл - барлық жер шары тұрғындарының ең биік миссиясы. Біздер, қазақстандықтар байтақ жерімізде бүкіләлемдік ғарыш айлағы - Байқоңырда алпыс жыл бойы жұмыс жүргізіліп келе жатқанын мақтан етеміз. Ғарышкерлерді Жер жүзі осы жерден, Қазақстаннан шығарып салады. Адамзаттың ғалам туралы танымын кеңейтетін күрделі экспедициялардан кейін оларды осында қарсы аламыз. Ғарышқа ұшқан жарты ғасырдан астам уақыт ішінде 38 елдің 545 ғарышкері ғарыш кеңістігінде болып қайтты. Сол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Айымбетовтің сәтті сапары еліміздің ғарыш жылнамасының жаңа парағын ашты", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің республикамыз әлем бойынша ғарыш кеңістігін бағындырған азаматтарының саны үшеуден кем емес 9 елдің бірі болғанына назар аударды.

"Бұл - Күн жүйесінің кеңістігін зерттеу және игеру ісіне өзге елдермен бірге атсалысып отырған Қазақстанның ғарыштық болашағы үшін жасалған жаңа қадам. Жердің тартылыс күшін еңсеруге ұмтылыс адамның ең ұлы ерлігінің бірі болды, солай болып қала береді. Ол ең батыл әрі лайықтының ғана қолынан келеді. Осындай батырдың бірі біздің үшінші ғарышкеріміз Айымбетов болып отыр. Сондықтан мен оған Халық Қаһарманы және "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" атағын, сондай-ақ Алтын жұлдыз бен "Отан" орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы ең жоғары марапаттар оның Қазақстан халқының игілігі үшін жасаған ерлігін айғақтайды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жаңа Халық Қаһарманы А.Айымбетов енді еліміздің көрнекті батыр-ғарышкерлері қатарында болатынын айтты.

"Біздің тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 24 жыл бұрынғы ғарышқа сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бастауы болды. Осы ұшуды жүзеге асыру үшін қаншама қиындықтарды еңсеруге тура келгені есімізде. Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев - жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспедициясына қатысты. Ол - ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шығып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Талғат Мұсабаев - Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығының, халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілестігінің символы", - деді Мемлекет басшысы.

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети