1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

"Ақшаларыңды қайтармаймын" деген күдіктінің видеосы тексерілді

Желіде Қазақстандағы ломбардтардың бірін басқарамын деген ер адамның видеосы тарап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Оның айтуынша, бұл жағдайда ол елден кетуге мәжбүр болған.

"Ломбардтарды жауып жатыр деген көп қауесет тарап жатқан соң елден кетуге тура келді, органдарда, жоғары жақта өз адамдарым бар. Мен елден неге кеттім? Мені қамап тастаса, сіздерге ақшаны қайтара алмай қаламын. Қамағаны қорқынышты емес. Сіздерге ақшаларыңызды қайтара алмай қалуым қорқынышты. Жұрт айтып жатқандай қашып кеткен болсам, мына видеоны түсірмес те едім. Сіздермен әрдайым байланысты болдым, тіпті қалаларға барып кездестім. Қазіргі уақытта бақылап отырмын. Менің қызметкерлерім - жалдамалы жұмысшылар. Олар да сіздер секілді нанға ақша тапқысы келді. Олардың кінәсі жоқ. Оларды ұстап, қамап тастаса, сіздердің жағдайы қиындайды", - дейді ер адам.

Ол отанына оралса түрмеге қамалатынын айтады, себебі полицияға арыз көп түскен.

Ер адам жұртқа ақшасын қайтару үшін оралуы мүмкін екені айтады. 

ІІМ өкілдері видеоны тексерді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ер адам "Гарант 24 Ломбард" ЖШС құрған адам - 1993 жылғы Мурзабеков Аслан Пазылжанович. Мурзабековке де, басқа күдіктілерге де халықаралық іздеу жарияланған.

ІІМ мәліметінше, "Гарант 24 Ломбард", "ЕЅТАТЕ Ломбард", "Выгодный займ" компаниялары өткен жылдың қазан айынан бастап 13 өңірде құрылған. Қаржы кәсіпорындарының негізін қалаушы және басшылары Ақтөбе облысының тумасы. 

Азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алу схемасы кеңселерді жайластыру, қызметкерлер штатын жинау және кәсіпорындардың жалған директорларын тағайындап, өңірлік өкілдіктер ашу әрекеттерімен құрылған. Салымшыларды көптеп тарту үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының қатысуымен кең жарнама науқанын жүргізген.

"Whats App мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшы кірген. Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары бағаға бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төледі, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарық құнынан төмен сатқан", - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, аталған компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40 пайызға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас кеңсеге құйылатын. Биылғы 15 ақпанда серіктестіктердің басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, ұрланған ақшамен бой тасалаған.

Ал 19 ақпанда "Гарант 24 Ломбард" ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Мырзабеков Аслан Пазылжанұлы WhatsApp чатында салымшыларға "Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рақмет! Тегін ақшаға құмарлар! Бәріңіз сау болыңыздар!" деген хабарлама қалдырған.

Сол күні әр аймақтардағы ішкі істер органдарына азаматтар жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ ақша қаражаттарын заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастайды.

ІІМ Тергеу департаментінің және аймақтық полиция департаменттерінің қызметкерлерінен тез арада жедел-тергеу тобы құрылады. Бүгінде қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 2 мыңнан астам өтініш келіп түскен.