02 желтоқсан 2022 20:23

Ақтөбеде "Urbathon Aktobe - әділетті қалалар" қазақстандық урбанистер форумы өтті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және ТМД елдерінен келген урбанистика саласындағы сарапшылар, сәулетшілер, мемлекеттік компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.


Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және ТМД елдерінен келген урбанистика саласындағы сарапшылар, сәулетшілер, мемлекеттік компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Шара барысында спикерлер қоғамдық кеңістіктегі заманауи трендтерді, сондай-ақ барлығына қолайлы қалалық орта қандай болуы керек, қаланың мәдени кодын қалыптастыру және қазіргі таңдағы қалалардағы басты мәселелер жөнінде талқылады.

Форумды Q-88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы, QazUrban қала құрылысын дамытуға жәрдемдесу қауымдастығы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Қазақстандағы қала халқының үлесі үздіксіз өсіп келеді. Мұны 10 адамның 6-уы қала тұрғыны болып табылатын Ақтөбе қаласынан-ақ көруге болады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өз сөзінде соңғы 5 жылда облыс орталығындағы халық саны 20 пайызға өскендігін, ал оның жан-жақты дамыған жайлы қалалық орта құру және оны тиімді басқаруды өзекті ететіндігін атап өтті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қалалардағы тұрғын үйлерді абаттандыру және қала инфрақұрылымын дамытуға басты назар аударды. Бүгінгі форумның урбанистика саласындағы алдағы бағыттарды анықтауға көмектесетініне сенімдімін. Болашақта миллион тұрғыны болатын агломерация орталығының дамуы Ақтөбе қаласының бас жоспарында көрсетілген. Біздің ендігі жердегі мақсатымыз - қаланы дамытуда заманауи концепцияларды пайдалану. Бұл бірінші кезекте тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған", - деді Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімінің бастамасымен бүгінде Ақтөбеде урбанистік кеңістіктерді дамытуға сәулет қоғамдастығы, жұртшылық пен қалалық орта бойынша сарапшылар белсенді тартылуда. Нәтижесінде көлік хабын құру, жасыл экономика қағидаттарын енгізу, дамыған креативті индустриялары бар жайлы және креативті қаланы құру, қауіпсіз қалалық ортаны қамтамасыз ету, оның ішінде цифрландыру арқылы жұмыстар жүргізілетін басымдықтар айқындалды.

Іске асырылатын қызықты жобалардың бірі - "Ақтөбе экспресс" мобильді құрамының теміржол дәлізі. Ол 41 разъезд пен Жіңішке станциясыарасында қатынайтын болады. Маршруттың жалпы ұзындығы - 18 шақырым. 11 аялдаманың басынан соңына дейінгі жүру уақыты небәрі 30 минутты құрамақ. 500 метр қашықтықты қамтитын желінің екі жағында жаяу жүргіншілер көпірлері салынып,тротуарлар абаттандырылады, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Шын мәнінде, "Ақтөбе экспресс"қалалық қоғамдық көліктің тағы бір түрі. Нәтижесінде шаһардағы автобустардың жүктемесі азаяды. Абаттандырылған көлік дәлізі аумағында шағын және орта бизнесті дамытуға да көңіл бөлінбек. Мұнда сауда орындары пайда болады деген жоспар бар.

Форум барысында тұрғын үй саясатын дамыту мәселелері де талқыланды. Бала туу мен урбанизацияның өсуі тұрғын үй мен инфрақұрылымға деген сұранысты арттырды. Мемлекет бұл мәселені барынша қанағаттандыруға жұмыс істеуде. 7 жыл ішінде 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Мұндай маңызды міндет ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелген. Жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов пен Otbasy Bank басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтып берді.

"Демографиялық процестер урбанизацияға, ауыл жастарының қалаға келуіне қатты әсер етеді, тиісінше тұрғын үй нарығында жағдай өзгереді. Біз қоғамның мәселелерін шешетін нишалық өнімдерді жасауға тырысамыз. Көптеген жастар әртүрлі тұрғын үй бағдарламаларына қатысқысы келеді, бірақ қол жеткізе алмайтынын көріп жүрміз. Ақтөбе облысының тарихында тұңғыш рет "Ақтөбе жастары" атты жастарға арналған арнайы бағдарлама жасадық. Осы орайда, қолдау білдірген Ералы Тоғжановқа алғыс айтқым келеді. Қазір бюджеттен шамамен 500 миллион теңге бөлінді, біз ынтымақтасып, одан әрі қаржы көлемін арттырамыз. Бұл арнайы бағдарлама, соның арқасында жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар өздері үшін ең проблемалы мәселелердің бірі - тұрғын үй мәселесін шеше алады", - деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнеүндеу арқылы урбанизацияның өсу қарқыны мамандар даярлау жүйесіне жаңа міндеттер қойып отырғанын алға тартты.

"Қазірдің өзінде Қазақстан халқының 61,7 пайызы қалаларда тұрады. Қала халқы жыл сайын 200 мың адамға өсіп келеді. Болжам бойынша 2025 жылға қарай урбанизация деңгейі 65%-ға жетеді. Басқарылатын урбанизация саясаты жұмыспен қамту және кадрларды даярлау саясатымен тығыз байланысты. Осыған орай, соңғы жылдары білім беру бағдарламаларына сәулет өнеріне қатысты жаңа, инновациялық 15 мамандық енгізілді. Бұл - заман талабы", - деді Саясат Нұрбек.

Урбанизация бойынша ресейлік сарапшы Аркадий Гершман, Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығының төрағасы Ерлан Әукенов, Qazproperty Басқару және Қызмет көрсету компаниялары қауымдастығының төрағасы Қайрат Көкенов және тағы басқалар урбанизация үрдістері туралы өз көзқарастарымен бөлісті.

Урбанизация тек шаршы метр мен тұрғын үй ғана емес екені атап өтілді. Тұрғын үйден басқа әлеуметтік инфрақұрылым - мектептер, балабақшалар, жолдар, ауруханалар қажет. Сондай-ақ қоғамда қоғамдық орындар мен жайлы орталарға деген сұраныс артып келеді. Қалалардың ойластырылған көлік саясаты мен жол қауіпсіздігі маңызды. Осы және басқа да мәселелер форумның жекелеген панельдік сессияларында толығырақ талқыланды.

Материал Ақтөбе облысының әкімдігімен ұсынылған
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.4   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети