Алматыдағы аптап ыстық салдарынан электр қуатымен қамтуда іркілістер туындады. Бірнеше аудан тұрғындары жарықтың сөнуіне және кондиционерлердің тұрақсыз жұмысына шағымданып жатыр. Қалалық электр желілерінде не болып жатқанын және энергетиктер бұл ақаудв неге 40 градустық ыстықпен байланыстыратынын Tengrinews.kz анықтап көрді.
"Жарықсыз күн кешіп отырмыз": алматылықтар қандай жағдайға тап болды?
Кейінгі аптада әлеуметтік желілер мен қалалық пабликтерде электр энергиясының іркілістері туралы ондаған хабарлама күн сайын жарияланады. Алматының түрлі аудан тұрғындарының айтуынша, кернеудің ауытқуынан кондиционерлер өшіп қалып жатыр.
Бүгін Әуезов ауданы 1-шағынаудан тұрғындары ыстық күндері жарықсыз қалып жатқандарын хабарлады.
"Бір айдан астам уақыт бойы бізде электр энергиясы жүйелі түрде өшіп келеді. Ал кейінгі аптапта біз жарықсыз күн кешіп отырмыз десе де болады. Бұл - кондиционерлер жоқ, желдеткіштер жұмыс істемейді, азық-түлік бұзылып жатыр, қалыпты демалу мен тұрмыстық шаруалармен айналысу мүмкін емес. Бұл дұрыс емес, бұған шыдау мүмкін емес", - деп жазды қала тұрғындары.
Сондай-ақ Розыбакиев, Сәтбаев және Тимирязев көшелері маңындағы тұрғындар іркіліске шағымданды. Түрксіб ауданында алматылықтар кернеудің ауытқуы туралы хабарлап жатыр.
Қала тұрғындарының айтуынша, салдарынан тұрмыстық техника дұрыс жұмыс істемей қалған.
"Егер сіз Алматыда тұрсаңыз және кондиционердің нашар жұмыс істей бастағанын байқасаңыз, бұл электр желілеріндегі апатқа байланысты болуы мүмкін. Мен шеберге қоңырау шалдым, ол бірден Алматыда кернеудің жаппай жетіспеушілігі байқалып жатқанын және кондиционерді жөндеудің мәні жоқ екенін айтты - оның өзі дұрыс жұмыс істеп тұр", - деп жазды қала тұрғындарының бірі желіде.
Алматыда жарықтың жаппай өшу себебі неде?
"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ (АЖК) 17-20 шілде аралығында желілерде жаппай технологиялық бұзылу болғанын растады.
"Аптап ыстық кондиционерлер мен басқа да қуатты көп қажет ететін жабдықтарды жаппай қолдану салдарынан электр желілеріне түсетін жүктеменің айтарлықтай артуына әкелді", - деп түсіндірді АЖК өкілдері.
Компания өкілдері апат АЖК желілерін ғана емес, коммуналдық және абоненттік желілерді де қамтығанын хабарлады. Энергетиктер жөндеу жұмыстарының кешігуін зақымданулардың тізбекті реакциясымен түсіндіреді.
"Бірқатар жағдайда желілердің түрлі элементі - кабельдік желілер, коммутациялық жабдықтар және тарату құрылғылары бірінен соң бірі зақымдалды. Бұл апатты қалпына келтіру жұмыстарының ұзақтығын арттырды, өйткені бір зақым жойылғаннан кейін желінің басқа учаскелерінде келесі ақау анықталып жатты", - деп нақтылады компаниядағылар.
АЖК апаттарды жою үшін 35 өндірістік бригада тәулік бойы жұмыс істегенін хабарлады.
Сондай-ақ компания Алматыдағы көптеген электр желі бірнеше ондаған жыл бұрын салынғанын атап өтті. Бұл ретте қаладағы белсенді құрылыс пен тұтынушылар санының артуына байланысты оларға түсетін жүктеме жыл сайын артып келеді.
Ұйым өкілдері қазір Алматының электр желілерін жаңғырту жұмысы жүріп жатқанын айтты: ескірген жабдықтар ауыстырылып, қосалқы станцияларды жаңартылып, жаңа желілер салынып жатыр.
Ыстық неге күшейіп барады және бұған жаһандық жылынудың қандай қатысы бар?
"Қазгидромет" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсын Тілләкәрім еліміздің жекелеген өңірлеріндегі аптап себебін түсіндірді.
Оның дерегі бойынша, қазір Қазақстанның басым бөлігінде тұрақты антициклон орнаған, ол ауаның қызуын күшейтіп, бұлттың пайда болуына кедергі келтіріп жатыр.
"Жаһандық жылыну әрбір жеке ыстық кезеңнің тікелей себебі болмаса да, атмосфераның жалпы температуралық фонын көтереді. Сондықтан осындай синоптикалық процестер бүгінде бірнеше ондаған жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары температураға әкеліп соғады", - деп түсіндірді Тұрсын Тілләкәрім.
Сарапшы мәліметінше, шілдеде ауа температурасы климаттық нормадан орташа есеппен 1–2 градус, ал кей күндері 5–8 градус жоғары болады деп күтіледі. Ыстық әсіресе елдің оңтүстік, орталық және оңтүстік-шығыс аймақтарында қатты сезіледі.
Сонымен қатар маман бүкіл Қазақстан бойынша бұрын-соңды болмаған ыстық туралы айту әлі ерте деп санайды, өйткені температуралық рекорд деректер тексеріліп, өңделгеннен кейін әрбір метеостанцияда жеке тіркеледі.
Алматыдағы аптап: 1945 жылдан бергі температуралық рекорд жаңарды
Тұрсын Тілләкәрімнің айтуынша, экстремалды ыстық әрқашан атмосфералық циркуляцияның табиғи өзгермелілігі, антициклондар, ауа массаларының ауысуы және басқа да синоптикалық процестер салдарынан туындайды.
Сонымен бірге маман жаһандық климаттың өзгеруі мұндай құбылыстардың пайда болу ықтималдығын, сондай-ақ олардың қарқындылығы мен ұзақтығын айтарлықтай арттыратынын атап өтті.
Ол бұрын мұндай синоптикалық жағдай, мысалы, +36…+38 °С температураға әкелуі мүмкін болса, бүгінде жылы климаттық фонда ол +40…+45 °С-қа дейін көтерілуі мүмкін екенін түсіндірді.
Сондықтан Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы аптап ыстықтың жиілеуін жаһандық жылынудың ең анық дәлелденген салдарларының бірі ретінде қарастырады, деп толықтырды сарапшы.
Синоптиктер қандай кеңес береді?
Аптап ыстық кезінде мамандар келесі шараларды орындауға кеңес береді:
- сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күн астында көп жүрмеу;
- көбірек су ішу, ашық түсті жеңіл киім және бас киім кию;
- күндіз физикалық жүктемені азайту;
- балалар мен жануарларды жабық көлікте қалдырмау;
- қарт адамдар мен созылмалы ауруы бар жандарға ерекше көңіл бөлу;
- өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және дауылды ескертулерді қадағалап отыру.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аптап ыстықтың ағзаның сусыздануына, тағамнан улануға, ішек инфекцияларына және маусымдық аллергияның асқынуына әкеп соғу қаупін ескерткен болатын.
Қатты бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айну, есеңгіреу, дене қызуының көтерілуі немесе естен тану жағдайында жедел жәрдем шақыру керек.
Тағы оқыңыз: Алматыдағы аптап: 1945 жылдан бергі температуралық рекорд жаңарды
“Сіз қауіп тобындасыз“: дәрігер ыстыққа байланысты жүкті әйелдерге үндеу жасады
Қазақстанда қатты ыстық болады: қалай сақтану керек?