Бір отбасын аяусыз өлтіру ісі: Сұлтан Сәрсемалиев өлім жазасына “келісті“

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бір отбасын аяусыз өлтіру ісі: Сұлтан Сәрсемалиев өлім жазасына “келісті“ Фото © Tengrinews.kz

Төрт адамды өлтірді деген басты күдікті – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев қылмысқа ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын айтты. Tengrinews.kz тілшісі 18 мамырда Атырауда өткен атышулы іс бойынша алдын ала сот отырысының егжей-тегжейін хабарлайды.


Төрт адамды өлтірді деген басты күдікті – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев қылмысқа ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын айтты. Tengrinews.kz тілшісі 18 мамырда Атырауда өткен атышулы іс бойынша алдын ала сот отырысының егжей-тегжейін хабарлайды.

Алдын ала тыңдау барысында сотталушы мәлімдеме жасап, жанжал туралы өз нұсқасын баяндады. Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемалиев қаза тапқандардың күйеу баласы болған.

"Мен жасаған қылмысым үшін жауапкершілікке, кез келген жазаға – мейлі ол өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру болсын, дайынмын. Барлық әрекетімнің басты себебі – некемді бұзуға бағытталған өзіме және отбасыма қатысты қылмыстық қолсұғушылықтарға қасақана жауап бергенім деп есептеймін", - деді сотталушы.

Сот залынан сурет/ Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол

Сәрсемалиевтің айтуынша, жанжал отбасылық келіспеушіліктер мен жұбайының туыстарының араласуы салдарынан басталған.

"Әйеліммен 10 жыл бірге тұрдық. Егер арамызда үлкен келіспеушіліктер болса, бес баламыз болмас еді және сонша уақыт бірге тұрмас едік. Алайда әйелімнің отбасы біздің қарым-қатынасымызға шектен тыс әрі негізсіз араласып, әйелім екеуміздің арамызға іріткі салды", - деді сотталушы.

Сәрсемалиевтің айтуынша, жанжалдарға қарамастан, ол әйелімен бірге тұруды жалғастырған, бірақ оның сөзінше, жұбайының туыстары тарапынан қысым тоқтамаған.

"Әйелімді менен тартып алып, бес баламды "саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ" деп, өз балаларыммен өзімді бопсалады", - деді ол.

Оның айтуынша, жиналып қалған жағдайлар қатты эмоционалдық және психологиялық қажуға әкеп соқтырған.

"Балаларымды анасынан да, әкесінен де, кішкентай кезінен бағып, өсірген туған әжесінен де айырғым келген жоқ... Ең соңғы сәтте отбасымды сақтап қаламын деген бүкіл айла-тәсілім, бәрі таусылып қажыдым. Тіпті олардың іс-әрекеттері, сөздірі мені ақылымнан алжастырып, жүйкемді жұқартып, адами болсымды күйретіп жіберді. Сосын осындай қылмысқа бардым деп есептеймін", - деді айыпталушы.

Бұған дейін сотта прокурор болған оқиғаның мән-жайы егжей-тегжейлі баяндалған айыптау актісін оқыған болатын.

Алдын ала сот отырысы - бұл тараптар іс материалдарымен танысатын, процессуалдық мәселелерді талқылайтын және істі сотта одан әрі қарау тәртібі айқындалатын кезең.

Бұл кадрларды Tengrinews.kz журналистері сот отырысы басталғанға дейін түсіріп алған.

Тағы оқыңыз:

Адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық: күдіктіге қандай айып тағылып отыр?

Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық";
  • 190-бап "Алаяқтық".

Прокуратура мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза тапқандардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сату фактілерімен байланысты.

Сәрсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева күдікті деп танылған жоқ

Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданған.

"А. Мұқанғалиеваға қатысты тағайындалған сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы шығуы керек. Сараптама қорытындысы тергеу органына ресми түрде түскеннен кейін оған тиісті процестік құқықтық баға беріледі. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды С. Сәрсемалиев жеке өзі жасаған. Бұл қылмысты жасауға өзге адамдардың қатысы бар екені туралы деректер анықталған жоқ", - деп хабарлады прокуратура.

Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы болмауына байланысты оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

"Қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс жүргізу аясында соталды тергеп-тексеру жүріп жатыр", - деп толықтырды прокуратура өкілдері.

Отбасының өліміне қатысты іс

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы бір отбасының жаппай өлтірілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр. 2025 жылғы желтоқсанда туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балаларының жоғалып кеткені туралы хабарлаған.

Сол кездегі мәлімет бойынша, отбасы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан бері олардың қайда екені белгісіз болған.

Фото: полицияның баспасөз қызметі

Іздеуде төрт ересек адам болды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.

Әкесі мен анасының денесі қайдан табылды?

Кейін, 6 қаңтарда Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптының денесі табылды. Полиция мәйіттердің үй ауласындағы шаруашылық құрылыс астынан табылғанын хабарлады.

Ерлі-зайыптыны жерлеу рәсімінен кейін бірден, 8 қаңтарда полиция іс бойынша негізгі күдіктіні жариялады. Ол отбасының 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев болып шықты. Оның отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кетіп қалғаны анықталды.

Ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.

Күдіктілер Индонезияда ұсталды

24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды.

Келесі күні, 25 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиеваның да іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.

Наурыз бен Мейрамгүлдің денелері қайдан табылды?

9 наурызда кешке күдікті ерлі-зайыптының Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың көмілген жерін көрсетті.

Ағалы-қарындастың мәйіттері Атырау іргесіндегі Геолог шағынауданынан табылды. Олар негізгі күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көмілген.

11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында Наурыз бен Мейрамгүлді жерлеу рәсімі өтті.

Фотоны дереккөз арнайы Tengrinews.kz үшін ұсынды

Сол кезде қаза тапқан отбасының жақындары редакция тілшісіне Ақбаян Мұқанғалиеваның Атыраудағы психиатриялық мекемеге жіберілгенін хабарлаған еді.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 467.58   546.77   6.43 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер