1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Демалыс күндері қай өңірлерде карантин күшейтіледі?

Сурет: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов Сурет: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

18-19 шілде аралығында бірнеше облыста карантин шаралары күшейтіледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, өңірде 2 тамызға дейін карантин шаралары күшейтіледі. Ал сенбі және жексенбі күндері базарлар жабылады және қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылады.

"Облыс аумағында қатаң карантин шаралары 2 тамызға дейін ұзартылады. 18 және 19 шілдеде, 25 және 26 шілдеде, 1 және 2 тамызда ашық базарлардың қызметі тоқтатылады. Сондай-ақ, демалыс күндері қоғамдық көлік жұмыс істемейді", - деді БҚО-ның бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев.

Батыс Қазақстан облысында карантин шараларын күшейту кезеңінде әр түрлі меншік нысанындағы 1000-нан астам кәсіпорынның қызметі тоқтатылатыны хабарланды.

Сонымен қатар, демалыс күндері Петропавлда шектеу шаралары күшейтіледі. Атап айтқанда, қоғамдық көлік жүрмейді. Аймақтың бас санитар дәрігерінің қаулысы да үш аптаға арналған. Ақпарат бойынша, таңертең және кешке саяжай маршруттары жұмыс істейді.

Алдағы демалыс күндері Павлодар облысында да карантин шаралары күшейтіледі. Мұнда қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады: автобустар, трамвай, маршруттық такси, сондай-ақ суда серуендеу көлігі. Сондай-ақ, карантин кезеңінде өңірде діни нысандардың қызметі, қалааралық автобус қатынасы тоқтатылды, сауда үйлері, азық-түлік және киім-кешек базарлары, СОО жабық және демалыс үйлері, туристік базалар, балаларды сауықтыру лагерлері, балабақшалар, жаттығу залдары мен спа-салондар жұмыс істемейді.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!