Өз туыстарын аяусыз өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі негізгі дәлелдемелерді зерттеу кезеңіне өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
4 маусымда сот залында процесс қатысушыларына тергеудің бейнематериалдары көрсетілді. Онда қылмыстың болжамды көрінісі, із жасыру әрекеттері мен елден қашу талпынысы кезең-кезеңімен көрсетілді.
Шаруашылық құрылыстағы сұмдық
Бейнежазбалардың бірінші блогында жеке үйдің ауласындағы шаруашылық құрылыс ішінен табылған жасырын қабір көрсетілген. Кадрларға тергеу амалдары тіркелген.
2025 жылдың желтоқсанында жоғалып кеткен Мақсот Қарабалин мен оның жөбайы Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі шаруашылық құрылысында, линолеум астындағы тереңдігі шамамен 1,3 метрлік шұңқырға көмілген. Тергеу мәліметтері бойынша, алдымен отағасының, оның астынан жұбайының сүйегі шығарылған.
Айта кететін жайт, полиция, Ұлттық ұлан және арнайы техника, соның ішінде георадарлар көмегімен жүргізілген алғашқы іздестіру шаралары нәтиже бермеген. Шаруашылық құрылысындағы жасырын орын тек 2026 жылғы 9 наурызда тергеу эксперименті барысында анықталды.
Фото Tengrinews.kz
Сот залында қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік бергенде, сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиев бұл кадрларды ешқандай эмоциясыз бақылап отырды.
Қашуға арналған қаражат: ломбардтағы кадрлар
Сотта ұсынылған келесі бейнежазба "Дина" базарында түсірілген. Бейнебақылау камераларына Сәрсемәлиевтің ломбардқа барған сәті түсіп қалған.
Видеодан алынған кадр
Кадрларда бүкіл процесс егжей-тегжейлі көрінеді: Сәрсемәлиев ломбард қызметкеріне әшекей бұйымдарға арналған қызыл қорапшаны береді. Содан кейін алтын бұйымдардың бағалануы мен өлшенуін күтіп, құжаттарға қол қояды да, ақшаны алып, ломбардтан шығып кетеді. Бұған дейін тергеу барысында сотталушы өлтірілген отбасының үйінен алтын бұйымдарды алып кеткені хабарланған болатын.
Тергеу нұсқасы бойынша, Сәрсемәлиевтің ломбардтан алған ақшасы әрі қарай қашуды ұйымдастыруға жұмсалуы мүмкін.
Атыраудан Балиге дейін
Сотта көрсетілген бейнематериалдардың үшінші сериясы Сұлтан Сәрсемәлиевтің қылмыс жасағаннан кейін жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге шекарадан қалай өткенін көрсетеді.
Сот мәліметінше, 2025 жылғы 9 желтоқсанға қараған түні Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева "Қапланбек" өткізу пунктінен байқалған. Олар Өзбекстан шекарасынан өтіп, Ташкентке бағыт алған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, одан арғы бағыт былайша өрбіген:
- 2025 жылғы 9 желтоқсан - "Қапланбек" өткізу пункті арқылы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан өту;
- 2025 жылғы 13 желтоқсан - Ташкент – Куала-Лумпур – Бали бағыты бойынша әуе сапары;
- 2025 жылғы желтоқсан – 2026 жылғы ақпан - Бали аралында (Индонезия) болу.
Тергеуден бой тасалау әрекеті сәтсіз аяқталды: 2026 жылғы 24 ақпанда Индонезияның көші-қон қызметі Сәрсемәлиев пен оның әйелін визалық режимді бұзғаны үшін ұстады. Кейіннен олар депортацияланды, мұнда оларды құқық қорғау органдарының қызметкерлері күтіп алды.
Айта кетейік, 4 маусымда сотта жаңа айғақтар айтылды. Іс бойынша куәгерлердің бірі WhatsApp-тағы бір адамның нұсқауымен мал сатқанын айтып берді. Ол өлтірілген отбасыға тиесілі болған. Толығырақ осы жерде.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемалиев - Атырау облысындағы бір отбасының төрт мүшесін, атап айтқанда бұрынғы жұбайының ата-анасын, ағасы мен әпкесін өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы күйеу баласы. Тергеу болжамы бойынша, қылмыс 2025 жылы ұзаққа созылған отбасылық жанжал негізінде жасалған. Іс материалдарына сәйкес, ол марқұмдардың денесін жалдамалы үйдің ауласына және қаза тапқан ерлі-зайыпты тұрған үйдің сарайына көміп, жасыруға тырысқан.
28 мамырда Атырауда бұл іс бойынша басты сот талқылауы басталды. Сотта прокурорлар қылмыс эпизодтарының егжей-тегжейін, соның ішінде адам өлтіру жағдайлары мен мәйіттер мен айғақтарды жасыру әрекеттерін жариялап жатыр. Бұл іс Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырды.
Атышулы істі бұған дейін Яна Легкодимованың өліміне қатысты резонанстық іс бойынша үкім шығарған судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.
Сот залынан фото Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол