Алматы әкімдігі Family Park орнына тұрғын үй кешені салынады деген қауесетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы әкімдігі Family Park орнына тұрғын үй кешені салынады деген қауесетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Алып қоюы мүмкін"
Танымал әлеуметтік желіде Family Park мәдениет және демалыс саябағын мемлекет меншігіне қайтарып алуы мүмкін екендігі туралы жазба пайда болды.
Мәліметке сәйкес, талқылауға Алматыда өткен комиссия отырысы себеп болған. Шара барысында мәселе тұрғындардың өтініші, саябақтың жай-күйіне қатысты шағымдар және осы тақырып төңірегіндегі қоғамдық резонанстан кейін қарауға шығарылғаны хабарланды.
Сонымен қатар жарияланымда саябақ әкімшілігі отырысқа шақырылмағаны, шағымдармен таныстырылмағаны және өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік берілмегені айтылады. Осыдан кейін саябақ басшылығы жалға алу келісімшартын бұзу туралы хабарлама мен сотқа талап арыз алған. Осыған байланысты жазба авторлары 27 жылдан кейін келісімшартты сотқа дейінгі реттеусіз және саябақ өкілдерінің қатысуынсыз бұзу туралы шешімге таңданыс білдірді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде саябақ орнына тұрғын үй кешенін салу жоспарланып жатқаны туралы жазбалар тарай бастады.
"Алматыдағы Family Park-ті жауып, орнына тұрғын үй кешенін салғысы келеді. Бұл қалада тез пайда әкелмейтін дүниенің бәрі біртіндеп қалай жойылатыны туралы айқын мысал. Бірақ қала деген тек сатылатын шаршы метрлер емес. Бұл саябақтар, ағаштар, таза ауа, көлеңке, балалар мен отбасылардың серуендеуіне және бетоннан тыс қалыпты өмір сүруіне арналған кеңістік", - деп жазды Алматы тұрғындарының бірі.

Threads желісінен скриншот
Жазба астында қызу пікірталас басталды: бірі авторды қолдаса, енді бірі оның сөздеріне күмән келтірді.
- Тұрғын үй кешені - автордың ойдан шығарған фейк ақпараты. Бас жоспарда да, саябақ әкімшілігінің мәлімдемесінде де ондай ештеңе жоқ. Саябақ жаңартылады. Мысалы, Баум тоғайы сияқты.
- Ал ТК салынатыны туралы ақпарат қайдан шықты? Мен ТК құрылысына түбегейлі қарсымын. Бірақ жаңа бас жоспарда саябақ орнында қалады.
- Бұл Әуезов ауданындағы жалғыз саябақ. Оның орнына ештеңе салуға болмайды - онсыз да жасыл желек аз.
- Менің балалық шағымның көп бөлігі осы саябақта өтті, бұл менің ең сүйікті жерім. Оған ешқандай басқа саябақ тең келмейді. Саябақ жылдар бойы өзгерген жоқ, орындықтары мен аттракциондарына дейін бәрі бала кезімдегідей. Бұл біздің қаламыз үшін оның маңызын арттыра түседі.
- Бұған жол бермеу үшін не істеу керек?
Саябақ не болмақ? Әкімдік жауабы
Алматы әкімдігі Family Park төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Family Park аумағына тұрғын үй кешені немесе өзге де нысандар салу жоспарланып жатқаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Алматының қолданыстағы Бас жоспарына, сондай-ақ Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, саябақ аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік - саябақ аймағы ретінде белгіленген. Оның нысаналы және функционалдық мақсатын өзгерту қарастырылмаған", - деп хабарлады әкімдік.
Family Park Алматы тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орны ретіндегі өз мақсатын сақтап қалатыны нақтыланды. Баспасөз қызметі мәліметінше, қазіргі уақытта аумақты кейін реконструкциялау, абаттандыру және жаңғырту үшін мемлекеттік басқаруға қайтару мәселесі ғана қарастырылып жатыр.
"Нысанды көп жыл бойы пайдаланғанына қарамастан, жалға алушы саябақты дамыту және күтіп ұстау бойынша міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған, оның инфрақұрылымына инвестиция салмаған, соның салдарынан саябақ тозып кеткен. Саябақтың инженерлік және рекреациялық инфрақұрылымын жаңарту, жайлы, қауіпсіз және қолжетімді қалалық орта, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін толыққанды кедергісіз инфрақұрылым құру қажеттілігі туындап отыр", - деп атап өтті әкімдіктегілер.
Билік өкілдерінің мәліметінше, бұл бастаманың басты мақсаты - саябақты қоғамдық кеңістік ретінде сақтап қалу және заманауи, қауіпсіз әрі жайлы инфрақұрылым жасай отырып, оған реконструкция жүргізу.
Тағы оқыңыз: Алматыдағы қасбеттің реконструкциясы: тұрғындар нені білуі керек?