1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Құрметті медицина ардагерлері мен қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ұлт денсаулығы - мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі" деген болатын. Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту - еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі.Бүгінгі күні облыс бойынша 23 стационарлық, 21 амбулаториялық емханада 2 423 дәрігер, 9 528 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетіп келеді.

Жылдан жылға осы саланың материалдық-техникалық базасы нығайып, әлемдік озық технологиялар мен телемедицина күнделікті қолданысымызға еніп отыр.Қызмет сапасын жақсарту мақсатында "2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысандарының өңірлік перспективалық даму жоспары" бекітіліп, жалпы құны 73,5 миллиард теңгеге заман талабына сай 118 нысан салу жоспарланды.

Денсаулық сақтау саласының тарихында, аймақ медицинасының дамуына зор үлес қосқан ардагерлер алтын қолды дәрігерлер Омаров Ернияз Омарұлы, Маханов Тұрғанбай Маханұлы, Кузденова Рая Әбдешқызы, т.б. секілді аға буын өкілдерінің еңбегі бүгінде талайға үлгі.

Сыр дәрігерлері "COVID-19" індетімен күрес кезінде уақытпен санаспай, белгілі хирург Шуленбаев Абдулла Сыздықұлы, халықтың құрметіне бөленген Шынжырбай Оразмаханұлы мен Жұқпалы арулар ауруханасының бас дәрігері Мухамбетова Айна Қарабұзауқызы, т.б. ел амандығын сақтау жолында асқан жауапкершілік пен батырлықтың үздік үлгісін көрсетуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сіздерге деген халықтың ыстық ықыласы мен риясыз алғысының дәлелі ретінде ерекше қолдау білдіруде. Бірнеше ай бойы отбасыларыңыздан жырақта, өз денсаулықтарыңызды қатерге тігіп, қауіпті вируспен күресіп жүрген Сіздерге барша Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін!

Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін. Жақындарымызға жанашыр болайық! Біз біргеміз!", - делінген құттықтау сөзінде.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!